Жақында ғана диетаға қатысты жиі айтылатын аңыздар топтамасымен таныстыра бастаған болатынбыз. Бүгін осы тізімнің жалғасын оқып, арықтауға байланысты тағы да қандай жалған пікірлер бар екендігін біліңіздер.
1. Диетикалық сусындарда калория азырақ болады
Қазірде диетикалық кола, диетикалық пепси, тіпті диетикалық энергетикалық сусындар мен кофенің түрлері пайда болып, үлкен сұранысқа ие болуда. Америкалық ғылыми ұйымның зерттеуі бойынша, диетикалық сусындарда расымен калория азырақ (100 грамда 0,3 ккалдан көп емес) бірақ ол арықтауға еш көмегін тигізбейді екен. Сусындарда бар көмірқышқыл газы асқазан қабырғаларына әсер етіп, сөлді көбірек бөлуге итермелейді екен. Нәтижесінде сіздің қарныңыз ашып, көбірек тамақтанып қоясыз. Ал тіпті тамақтанбаған жағдайда, сөл асқазанның қабырғаларын қорыта бастайды. Бұл асқазандардағы жарықтарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қарапайым газдалған сусындардың бәрі асқазан саулығы үшін өте қауіпті, ал арықтаймын деп ниеттенген қыздарға мүлдем болмайды.
2. Темекі шегу арықтауға көмектеседі
"Темекіні тастасам, бірден толып кетемін" деген пікір қазір кең таралған. Ең біріншіден темекі шегу ағзаға артық салмақтан мың есе қатерлі екенін естеріңізге саламыз. Иә, расымен темекідегі никотин адам ағзасындағы зат алмасуды тездетеді, бірақ оның арықтауға еш әсері болмайды. Мәселе психологияда екен. Темекі көмегімен жүйкесін тыныштандырып, стрестен сауығатындар оны тастағанда оны түрлі тіскебасарлармен алмастыратын көрінеді.
3. Арықтау үшін көбірек су ішіп, нан жетпесе жеткілікті
Расымен күнделікті 1,5-2 литр су – дені сау адам үшін қажетті мөлшер. Ал нанға келетін болсақ, одан мүлдем бас тарту дұрыс емес. Нан – В тобының дәрумендері, магний, темір мен тамақтың тез қорытылуына жауап беретін фосфордың қайнар көзі. Сол себепті нанды рационыңыздан мүлдем алып тастау өте дұрыс емес. Әрине нанның арасынан таңдап, пайдалы түрлерін алған жөн.
4. Майлылығы аз тағамдар арықтауға көмектеседі
"Майлылығы аз болған сайын тағам артық салмақ қоспайды" деген ой дұрыс сияқты. Алайда басқа жағынан алып қарағанда, майлылығы төмен сүт өнімдері ағзамызға қажетті мөлшерде кальций мен ақуыз бермейді. Ал кальцийді ағза қабылдау үшін міндетті түрде майлар қажет. Сондықтан мамандар сүт, айран не йогурттардың майлылығы 1,5 пайыздан кем емес, ал ірімшік пен сырдың 4-5 пайыздан кем емес түрлерін алуға кеңес береді.
Сондай-ақ майлылығы аз тағамдардың сыртында жазылған нұсқауды мұқият оқыған жөн. Көп жағдайда олардағы калория майлы тамақтардан да көбірек болады. Маркетингтік айлаға алданбай, тек пайдалы тағамдарды алыңыз.
5. Арықтау үшін іштегі токсиндерді шығару керек
Арықтау үшін бірінші қадам ішті тазалап, улы заттарды шығару деп білеміз. Ағзаны тазалау әсерінен тез арықтау диетологтардың айтуынша, кері әсер беріп, артық салмақты тез жинап алуға өз септігін тигізуі мүмкін. Сондықтан тек осы дауа көмегімен арықтап аламын деп ойламаңыз. Арықтау комплексті түрде жан-жақты болу керек. Ағзаны тазалау, физикалық жаттығулар, дұрыс тамақтану мен асықпай жоспарлы түрде арықтау ғана нәтижелі бола алады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: fitnessfood.com.au