- Негізгі бет
- Денсаулық
- Денсаулық сақтау күні...
Денсаулық сақтау күні ел көлемінде аталып өтті
Әлемде әр жылы 7 сәуір күні халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір алтын ұстану мақсатында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Денсаулық сақтау күні аталып өтіледі. Аталған мерекелік шараны еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет көлемінде атап өте бастады. Бұл мерекенің тарихы 1948 жылдың 7 сәуірінен басталады.
Аталған мереке жыл сайын әлемдік бір үлкен мәселелерге баса назар аудару мақсатында белгілі бір атпен аталады. Биыл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Денсаулық күнін "Universal health coverage" – "Жалпыға бірдей денсаулық" деген ұранмен өткізді.
Денсаулық күні аясында еліміздің әр аймағында денсаулықты жақсартатын, салауатты өмірге шақыратын түрлі акциялар мен флешмобтар өтіп тұрады. Себебі қазір ауа-райының ластануы, қоршаған ортаның бұзылуы, аз қозғалыс нәтижесінде адамдардың денсаулығы төмендеп келеді.
Осыған орай еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мектептер аталған мерекеге атсалысып, "Жалпыға бірдей денсаулық" ұраны аясында жаттығулар өткізді.
Елордадағы 10-мектеп-гимназиясына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бастамасы бойынша Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Олег Чеснов пен әнші, Шаhаризат Сейдахметтің және оқытушылар мен оқушылардың қатысуымен жаттығу өтті.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының 83-мектеп-гимназиясының оқушылары мен оқытушылары да денсаулық сақтау күніне арнайы ерекше белсенділік танытты. Триатлон саябағында аталған мектеп өкілдері мен жүгіруден 7 рет Гиннестің рекордтар кітабына енген, Қазақстан Республикасы Денсаулық елшісі Марат Жыланбаев және Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының Балалар қоры UNICEF өкілінің орынбасары Вероника Ващенконың қатысуымен жаппай жаттығу өтті.
Жаттығу кезінде балалар түрлі спорттық жаттығулар жасады және жаппай жүгірді. Жауып тұрған жаңбырға қарамай барлық оқушылар ерекше белсенділік танытты.
Бұдан өзге Алматы қаласында жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту, салауатты өмірге шақыру мақсатында флешмоб өткізілсе, Олимпиада чемпионы, Денсаулық елшісі Юрий Мельниченко Ақмола облысындағы екі ауданның мектептеріне барып, Денсаулық күніне орай жасөспірімдермен бірге жаппай жаттығулар жасады.
Айта кету керек мұндай жаттығулардың мақсаты бала мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына, жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға, сауатты көзқарастың қалыптасуына көп көмегін тигізеді.
Т. Раушанұлы