Адамның денсаулығынан артық байлық жоқ. Дегенмен, "ауырмаудың жолын" іздеуден бұрын, "ауырып ем іздейтін" адам баласына аурухана мен дәрігерден бөлек, дәріханалар мен фармацевт мамандар да қажет кезінде қол ұшын созады. Сол себептен де, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" бағдарламасы көрсеткендей, медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру жұмыстары үздіксіз іске асады.
Қазақстанда 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында нарықта 3970 дәріхана жұмыс істейтіндігі анықталған. Олардың ішінде саны жағынан көш бастағандар Алматы, Нұр–Сұлтан және Шымкент болатын. Биыл да бұл ірі үш қала алғашқы сатыларға жайғасқанымен, дәріханалар саны алдыңғы жылға қарағанда азайған.
Бұл — денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жетістік. Өйткені, өткен жылы 100 мың адамға орташа есеппен 53 дәріханадан келген. Егер оны Халықаралық фармацевт федерациясының (FIP) есебіне сәйкес, әлемнің ірі елдерімен салыстырар болсақ, Қытайда — 67 дәріхана, Ливанда – 60, Непалда – 57, Украинада – 51, Ресейде – 37, АҚШ - 19, Германияда – 26 дәріханадан келеді.
FIP мамандарының айтуынша денсаулық сақтау саласы дамыған елдер үшін орташа есеппен 100 мың адамға 30 дәріхана есептелуі керек. Егер көрсеткіш 40–тан асса, денсаулық сақтау саласын дамытуда жетіспеушіліктер барын алға тартқан. Себептерді көрсету барысында бірінші орынға халықтың салауатты өмір салтын ұстанбайтындығы іліккен.
Одан бөлек, дәрі-дәрмекке сұраныстың артуы денсаулық сақтау жүйесі халықтың "үмітін" ақтамайтындығының, олардың өздерін өзі емдейтіндігі мен дәрігердің рұқсатынсыз дәрі алу мүмкіндіктерінің жоғары екендіктерін дәлелдейді.
2019 жылы Қазақстандағы дәріханалар саны 3821–ді көрсетеді. Алматыда мен Шымкентте дәріханалар саны айтарлықтай азайған. Ал, Павлодарда өзгеріссіз қалған.
Қазақстан дәріханалары тұтынушымен қалай байланыс орнатады?
IPSOS HEALTHCARE Қазақстандағы фармацевтика және олардың тұтынушылармен арадағы байланысын зерттей отырып, мынандай ақпарат жариялады.
Қазақстандағы дәріханалардың басым көпшілігі онлайн жұмыс жасауға бейімделмеген. Олардың дәрі және серіктестері туралы ақпарат беретін арнайы сайты жоқ. Дегенмен, оның орнына тұтынушы белгілі бір дәрінің бар жоғын анықтау үшін байланысқа телефон арқылы шығатыны анықталған.
Ал, тұтынушының өзі не дейді?
Massaget.kz жүргізген сауалнамаға қатысқандар арасында дәрі туралы ақпаратты ғаламтордан іздейтіндер қатары басым түсті. Одан бөлек, басым бөлігі онлайн саудадан гөрі, дәріханаға барып алған жөн санайтындығы анықталды.
Медициналық білімнің ажырамас бөлігі фармацевтика екені анық. Дәрігерлерге қалай талап қойылса, фармацевтерді дайындауда сондай талап болуы шарт. Өйткені, ауруға ем болатын дәрі туралы ақпаратты білу, оны орнымен ұсыну да еңбек пен білімді қажет етеді. Сондықтан да бұл Қазақстан Республикасының "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында қарастырып, сол бағытты жетілдіру міндеті жүктеледі.