- Негізгі бет
- Денсаулық
- "Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы":...
"Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы": Қан айналым жүйесінің ауруларымен қалай күресу керек?
Қан айналым жүйесінің аурулары әлемдегі барлық өлім–жітімнің негізгі себебіне жатады. 2016 жылғы есеп бойынша, әлем бойынша 17,9 миллион адам осы дерттен қаза тапқан. Ал, олардың басым бөлігі (85%) жүрек талмасы мен инсульттан көз жұмған.
Сонымен қатар, Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сәйкес, қан айналым жүйесінің аураларынан қаза табатындардың 75% табысы мен өмір сүру деңгейі төмен елдерде орын алады. Қазақстан да бұл аурудан қаза табатындар саны көш бастайтын мемлекеттердің қатарына кіреді. 2017 жылы көрсеткіш жалпы өлгендердің 24.4 %–ын құраса, өткен 2018 жылы 23.44% көрсеткен. Сонымен, бүгін бүкіл әлем күресетін жүрек қан айналым жүйелерінің аурулары мен олар қалай күресуге болатындығын сөз етеміз.
Қан айналым жүйесінің аурулары дегеніміз не?
Қан айналым жүйесінің аурулары бірнеше топқа жіктеледі. Олардың ішінде жүрек және қан тамырларының дерттері енеді:
• Жүректің ишемиялық ауруы – жүректің бұлшық етіне қан жеткізбейтін қан тамырынан туындайтын ауру түрі.
• Ми қан тамырларының ауруы – қан тасымалдайтын тамырлар миға қанды қажетті мөлшерде жеткізбеуінен туындайды.
• Ревмокардит – стрептококкті бактерия әсерінен жүрек бұлшық етінің жұмысы әлсірейді.
Инфаркт пен инсульт қан айналым жүйесіндегі ең ауыр дерттердің бірі ретінде саналады. Ми мен жүрекке тасымалданатын қанның жолы тамырдың бітелуінен туындайды. Оның басты себебі, тамыр қабырғаларында майлы қабаттың пайда болуы. Одан бөлек, қан тамырынан іштей қан кету, қанның ұйып қалуы да инсультқа әкеледі.
Қан айналым жүйесінің ауруына не себепші болады?
Басты қауіп дұрыс өмір салтын ұстанбау, шылым мен алкоголь өнімдерін пайдалану және қажетті түрде физикалық жаттығулармен айналыспаулан туындайды.
Одан бөлек, жүрек және қан тамырларының алғашқы белгілері ретінде қан қысымның артуы, қандағы пен липид мөлшерінің көбеюін алға тартуға болады.
Неге табысы және өмір сүру деңгейі төмен елдерде адамдар жиі қан айналым жүйесінің ауруларына шылдығады?
Бұл сұраққа Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) былайша жауап береді:
• Табысы және өмір сүру деңгейі төмен елдерде адамдар алғашқы көмек пен жылдық арнайы тексерістен өтпеуі себеп болады.
• Одан бөлек, бұндай мемлекеттің тұрғындары емделуге мүмкіндігі аз әрі медициналық көмек көрсетуге қауқарсыз елде тұрады.
• Сонымен қатар, емделу іс шарасы олардың табысынан әлдеқайда қымбат тұратындықтан кейінге қалдыратындықтары анықталған.
Қан айналым жүйесінің ауруларымен қалай күресу қажет?
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы ұсынғандай, дертпен күресу алдымен адамның өзімен (жеке тұлғалық) байланысты, одан бөлек бұған мемлекет те атсалысу қажет.
Қан айналым жүйесінің ауруларымен күресу үшін әлем елдері не істеу керек?
• шылыммен жан–жақты күрес;
• қант, тұз және майдың жоғары мөлшері кездесетін өнімдерді қолдануды азайту үшін салық салу;
• жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын көбірек салу;
• адам ағзасына зиян алкоголь өнімдерін аз пайдалану жолдарын қарастыратын стратегиялар;
• мектептігі балаларды дұрыс тамақпен қамтамасыз ету.
"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде". Аурудың алдын алсақ, жыл сайынғы дерттен қаза табатындардың саны әлдеқайда азаяр еді.
Т. Есқали