- Негізгі бет
- Денсаулық
- ДДҰ: Шприц тапшылығы...
ДДҰ: Шприц тапшылығы басталды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келесі жылы ғаламда шприц тапшылығы басталатынын мәлімдеді. Дүниежүзі халқын вакцинамен қамту үшін 2 млрд шприц жетпей қалуы мүмкін.
Денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, биыл жаппай вакцина салуға 7 млрд 250 млн дана шприц қолданылған. Бұл жыл сайынғы орташа статистикалық көрсеткіштен екі есе көп. Содан екі жылда қолданылатын шприц бір жылда іске асырылып, келесі жылға жетпей қалды.
Ал шприцті шығару өндірісі сол күйде, әлі ұлғайған жоқ. Кейбір елдер шприцтің жетпей қалатынын біліп, қаптап сатып алып жатыр.
Ұйымның есебінше, дефициттің алдын алу үшін өндіріс иелері қазірден бастап шприц өндірісін көбейтіп, ғаламдық ажиотаждың алдын алуға тырысу қажет.
"Пандемия басталған 2020 жылдың алғашқы кезінде әлемде медициналық бетперде жетпей, біршама қиындық туғаны белгілі. Бірақ өндірісті ұлғайту арқылы мұның орнын толтыра алдық. Енді шприц өндірісіне де сондай тәсілді қолдануымыз қажет", - деп хабарлады ДДҰ.
Қ. Слямбек