Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы ПТР тестілеуі теріс көрсеткен пневмония жағдайларын коронавирус деп мойындап, сайтында статистиканы біріктірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Енді ДДҰ сайтында коронавирус инфекциясы және коронавирустың клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР тестілеу теріс көрсеткен пневмония жағдайлары бір статистикамен көрсетіледі.
Әзірге соңғы тәуліктегі деректер жаңартылған кестеге енгізілген жоқ. Сондықтан ұйымның сайтында елде барлығы 105,5 мың инфекция жұқтырған адам тіркелгені жазылған.
Еске салайық, ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, Қазақстанда бір тәулік ішінде коронавирус жұқтырған 907 адам және COVID-ға ұқсас пневмониямен 1102 адам анықталған.
ДДҰ мәліметінше, елде бір аптада коронавирустан 316 адам қайтыс болған.
Айта кетейік, Джон Хопкинс университетінің сайтында ақпарат әлі жаңармаған. Ал Coronavirus2020.kz ресми сайтында деректер әртүрлі тізімде көрсетілген.
Бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова Қазақстан коронавирус пен COVID-ға ұқсас пневмония бойынша статистиканы біріктіруге дайын екенін, бірақ ДДҰ-ның келісімін күтіп отырғанын айтқан болатын.
Біріккен деректер қазақстандықтарға елдегі COVID-19 таралуының толық жағдайын көруге көмектеседі.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қоджахметов түсіндіріп өткендей, деректерді күніне емес, апта бойынша салыстыру дұрысырақ. "Сонда карантин аяқталған соң 17 тамыздан кейін не істеу керектігін шешу үшін елдегі жағдайдың нақты қандай екенін көреміз", - деді ол.