Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропа аймақтық бюросы директоры Ханс Клюге Еуропа елдерінде жағдайдың жақсарғанын мәлімдеді. Бірақ ол жергілікті үкіметке қуануға әлі ерте екенін айтып, босаңсымауға шақырды.
"Жағдай жақсарып келеді, бірақ бұл тойлайтын уақыт емес, босаңсымай күздегі екінші толқынға дайындалуымыз керек", - дейді Клюге.
Оның айтуынша, екінші толқын қыркүйек айында басталып, маусымдық тұмаумен сәйкес келуі мүмкін.
Клюге егер екінші толқын кезінде коронавирус тоқтамаса, мұның салдары апатқа алып келу мүмкін екенін тілге тиек етті. Себебі жыл басынан бері әлі вирусқа қарсы вакцина ойлап табылмаған.
Айта кетейік, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирустың екінші толқыны мамырда басталғанын айтты.
"Қазақстанда коронавирустың бірінші толқыны болды: сәуір айының екінші жартысында індет шарықтау шегіне жетіп, ауру жұқтырғандардың саны артты. Мамыр айының ортасында індет жұқтырғандардың саны қайта өсті. Бұл коронавирустың екінші толқыны басталғанын білдіреді", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.