- Негізгі бет
- Денсаулық
- Даусыңыз шықпай қалса......
Даусыңыз шықпай қалса...
Егер мұғалім немесе оператор болсаңыз, сіз үшін дауыс жоғалтып алу таныс жағдай. Даусыңыз шықпай қалса, не істеу керек?
Сіңірлер ісінгенде дыбыс саңылауының жабылуы тоқтатылып, дауыс қарлығып қалады. Кейде тіптен жоғалып кетуі мүмкін. Оған жиі ларингит (көмейдің қабынуы) кінәлі. Көмейдің қабынуына тұмау немесе сіңірлерге шамадан тыс жүк арту әсер етеді. Қауіп-қатер тобына даусымен жұмыс істейтін адамдар жатады: әнші, диктор, экскурсия жетекшісі, мұғалім, диспетчер және т.б. Оларда ларингит созылмалы түрге айналуы мүмкін. Сонымен қатар, дауыс қатты күйзеліс себебінен де шықпай қалады.
Әдетте, ол 7-10 күн аралығында өздігімен қалпына келу керек. Егер дауыс тұмаудан немесе футболға жанкүйер болып келгеннен кейін (немесе караокеге барғаннан кейін) шықпай қалса, дәрі ішпеуге болады. Дәрінің орнына мыналарды жасаған жөн:
- Үндемеу. Сыбыр қарапайым сөйлеуге қарағанда сіңірге және бұлшықетке қаттырақ күш түсіреді. Сондықтан ыммен көрсетуге тырысыңыз.
- Су ішу. Жылы су көмейді ылғалдандырады және жазылуын жылдамдатады.
- Бал. Бал қабынуды басады: оны суға немесе шайға салуға болады.
- Ауаны ылғалдандыру. Құрғақ ауа сіңірлерді одан әрі тітіркендіреді, сондықтан дауыс жоғалтқан кезде ауаның ылғалдығын жоғарылату керек. Ауа ылғалдандырғыш сатып алыңыз немесе батареяға ылғал сүлгілер іліп қойыңыз.
Дауыс шықпай қалғанда не істеуге болмайды?
- Темекі тарту. Темекінің түтіні тамақты одан әрі құрғатып, тітіркендіреді.
- Алкоголь ішу. Алкоголь ағзаны сусыздандырады, сондықтан тамақ жазылып болмайды.
- Шаңмен, түтінмен және суық ауамен демалу. Мұның барлығы – тітіркендіргіштер, олар жағдайды одан әрі нашарлатып жібереді.
- Дәрі ішу. Қабынуға қарсы дәрілер ішпеңіз, олар сіңірлерді құрғатып жіберуі мүмкін. Сонымен қатар, антибиотик ішудің қажеті жоқ. Себебі антибиотиктер вирустарға қарсы тұра алмайды.
Егер даусыңыз екі аптадан соң қалпына келмесе, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
А. Жапатова