Денсаулықта ақау барын білдіретін белгінің бірі – дәрет. Әсіресе, дәреттің түр-түсі бұзылса, жағымсыз, өткір иіс шықса, мұның бәрі ағзада ауру белгілерінің барын білдіреді. Бірақ асығыс ой қорытуға асықпаңыз. Дәреттің иісі неге бұзылғанына мән беріңіз.
Ол дәрігерлердің дәрет иісі неден бұзылуы мүмкін екені жайында айтқан пікірлеріне көз жүгіртейік.
Мәселен, ағылшын дәрігері, уролог Ричард Вайнидің (Richard Viney) айтуынша, дәрет иісінің бұзылуына сусын мен тағам, инфекция, бүйректе тас болса, қант диабеті, бүйрек жеткіліксіздігі сынды факторлар себеп болады.
Ас пен сусын. Дәрет иісінің бұзылуына басты себептердің бірі – дәл осы тағам мен сусын. Мәселен, кофені көп ішетін адамның дәреті өткір, ащы болады.
"Егер дәреттің иісі тамақтан бұзылды деп ойласаңыз, онда бірнеше күн бақылап, иістің кеткен-кетпегенін байқаңыз. Әдетте, тамақтан болған иіс санаулы күнде кетіп қалады. Кетпесе, онда басқа себеп", - деп түсіндіреді дәрігер.
Бүйректегі тас. Бүйректе тас тұрып қалса, ағзаның сұйықты өңдеу қабілеті нашарлайды. Бүйректе тас тұрып қалғанды білдіретін тағы бір белгілер – жүрек айну мен іш ауру.
"Егер дәрет иісі бұзылса, жүрек айну мен іш ауруы тоқтамаса, онда бұл үш себеп бүйректе тас барын білдіреді. Тезірек тексерілуге асығыз", - деп кеңес етеді Ричард Вайни.
Несеп-жыныс инфекциясы. Дәретте аммиак көбейсе, иісі өткір болады. Ал аммиак несеп-жыныс жолдарында инфекцияның пайда болуынан шығады. Мұндайда дәрігердің кеңесімен антибиотик ішу керек.
Қант диабеті. Дәреттің дәмі ащы емес, "тәтті" болса – бұл глюкозаның көптігінен. Ал ағзада глюкозаның көптігі қант диабетінен хабар береді. Қант диабеті бар адамда әлсіздік, дене қызуы, дәретке жиі жүгіру мен дәрет дәмінің "тәтті" болуы сынды белгілер байқалады.
Мұндайда дәрігерге қаралған жөн.
Бүйрек жеткіліксіздігі. Дәрет иісі бұзылса әрі іш бұратылып ауырса – бұл жақсы емес. Қауіпті белгі. Одан бөлек, тері мен көздің ақуыз бөлігіне мән беріңіз: егер сарғаю белгілері болса, онда бірден дәрігерге барған жөн.
Урологтың айтуынша, дәреттің дәмі мен иісінің бұзылуымен бірге мынадай белгілер қатар пайда болса, тезірек дәрігерге барған дұрыс.
- Дәретке бару жиілесе, әсіресе, түнде;
- Дәрет сындырғанда ауырсыну болса;
- Дәреттің түсі күңгірт болса;
Ал мына жағдайда шұғыл көмек шақыру керек:
- Қан аралас дәрет шықса;
- Іш ауырса;
- Қабырғаның асты ауырса;
- Әлсіздік пен шаршау болса;
- Дене қызуы көтерілсе, қалтырау болса;
- Дене температурасы түсіп кетсе.