Қазір ауруларды дәрілерсіз емдеуді елестету қиын. Алайда дәрі-дәрмекті ұзақ немесе дәрігер бақылауынсыз қабылдасаңыз, бауыр қызметінің бұзылуы әбден мүмкін. Себебі бауыр — асқазан-ішек жолы арқылы түскен көптеген заттарды өткізетін сүзгі секілді орган. Яғни, дәрілердің көп бөлігі бауырда түрленеді. Антибиотиктер мен басқа дәрілерден кейін бауырды қалай қалпына келтіруге болады?
Дәрі-дәрмек қабылдайтын емделушілер қауіп-қатер факторларына мән беруі керек. Оларға мыналар жатады:
- Егде жас;
- Алкоголь ішу;
- Жүкітілік;
- Бауырмен байланысты созылмалы проблемалар;
- Біруақытта бірнеше дәрі ішу;
- Дәрі-дәрмектің көп мөлшері немесе оларды ұзақ ішу.
Бауыр зақымдалуының белгілері бірден немесе бірнеше апта өткен соң білінуі мүмкін. Оның белгілері мынадай:
- Тәбеттің болмауы;
- Жүрек айну мен құсу;
- Шала қызулы температура;
- Іш өту;
- Әлсіздік;
- Тері қышуы.
- Сарғаю (сарғаюдың пайда болуы бауырдың қатты зақымдалғанын білдіруі мүмкін).
Ағзаға күш түсіретін тек дәрілік құралдар ғана емес. Адамның өмір сүру салты бауыр жасушаларына жағымсыз әсер етуі мүмкін.
Кешенді амал жасау арқылы дәрілердің салдарын азайтуға болады:
Өз-өзіңізді емдеуді қойыңыз
Көпшілік адам өсімдік препараттары жалбыз қосылған шай секілді қауіпсіз деп ойлайды. Дәрігер одан қандай дәрі-дәрмек ішкенін сұраса, емделуші оларды айту керек деп санамайды. Ал негізінде, өсімдік препараттары мен ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) бауырды зақымдауы мүмкін. Шөптер негізінде жасалған құралдардың құрамында болатын ауыр металдар мен пестицидтер бауырға уытты әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, арықтауға, бұлшықет массасын қосуға және физикалық пішінді жақсартуға арналған құралдар да қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан бауырды қорғағыңыз келсе, кез келген құралды өздігінше таңдамаңыз.
Ауырғанды басатын, тұмауды емдейтін немесе бас ауырғанын қойдыратын дәрілер дәріханаларда рецептісіз сатыла береді. Сондықтан көпшілікте ауру белгісі пайда болған бойда осындай дәрілер ішу әдетке айналып кеткен. Алайда бұл да бауыр проблемасына әкелетін тағы бір қадам болып саналады. Тіпті, «қауіпсіз» деп санайтын дәрі-дәрмектің өзін дәрігердің кеңесінсіз ішпеген жөн.
Тамақтануды дұрыстаңыз
Қажетті ақуыздар, майлар, көмірсулар және калориялары бар орынды тамақтану бауырдың дұрыс жұмыс жасауына қажетті заттарды алуына көмектеседі. Майлы, қуырылған, тұзды және тәтті тамақтарды шектеу бауырға түсетін күшті азайтады. Ең дұрысы — аз-аздан, бірақ күніне 4-6 рет тамақтану.
Алкогольден бас тартыңыз
Бауыр үшін алкогольдің қауіпсіз мөлшері жоқ. Сондықтан одан толықтай бас тартқан жөн.
Күйзеліспен күресіңіз
Ұйқыны реттеу, физикалық жүктеме жасау және күн тәртібін дұрыстау күйзелісті жеңуге көмектеседі. Күйзеліс бауыр ауруы ұлғаюының бір факторы бола алады. Сондықтан күйзеліспен арнайы жаттығулар, йога немесе психологқа бару арқылы күресіңіз.
Уақытылы тексеріліңіз
Бауырды қорғаудың ең жақсы жолы — уақыты тексеріліп, аурудың алдын алу. Әдетте, бауырды тексеруге қанның биохимиялық анализі мен ультрадыбыстық зерттеу кіреді.