Бүйрек ауруларын емдейтін дәрігерлерді - нефрологтар дейді. Сол нефрологтар бүйректі өте таңғаларлық мүше, бірде-бір бұлшық еті жоқ, тек тамырдан ғана тұратын мүше деп сипаттайды.
Бүйрек - адам ағзасында сондай көнбіс, қыңқ етпейтін мүше. Бірақ ауруға шыдап жүріп, бір күні іске жарамай қалады. Бірден істен шығады. Онда оны ауыстырудан басқа амал жоқ, өкінішке орай.
- Бүйректе жүйке тамырлары жоқ, тек қан тамырларынан ғана тұрады. Бір қызығы бүйрек зәрді ішкен судан емес, қанды тазарту арқылы өндіріп шығарады, - дейді белгілі нефролог Бағдат Сұлтанова.
Сонымен бүйректі мұндай қабыну мен асқынуға жеткізбес үшін не істеу керек? Мамандардың айтуынша, бүйректі аман, аурудан ада ұстау үшін көп нәрсе жасап қажет емес. Ең алдымен, бүйректі суықтап қалудан сақтау қажет. Ең қызығы бүйрекке қатты суықтың да, ыстықтың да зияны бар. Әсіресе, күз бен көктем айларында бүйрек пен аяқты жылы ұстауға тырысқан абзал.
Бүйрек ауруларынан қашудың екінші жолы - дұрыс тамақтану. Ашты, тұзды, қуырылған тағамдарды аз тұтынған жөн. Ішімдіктен де бас тартыңыз. Оның құрамындағы зиянды заттарды тазалаймын деп бүйрек босқа "отырады". Бүйрекке сәбіз, жаңғақ, шекілдеуік, аскөк (укроп) пен асжелеңнің (петрушка) пайдасы көп. Бұларда магний элементі мол. Одан басқа, қызылша, қияр, асқабақ, орамжапырақ сынды көкөністер мен алма, өрік сынды жемістердің, сұлы мен қарақұмық сынды дәнді-дақылдардың пайдасы зор. Ал қарбыз, қауын сынды дақылдар бүйректі тазалауға, жиналып қалған тұз бен тасты шаюға көмектеседі.
Бүйректің қалыпты жұмыс жасауы үшін адам күніне, кем дегенде, 2 литр таза су ішуі керек. Компот, көк шай, сок, итмұрынның қайтатпасын ішкен де дұрыс. Бірақ газдалған сусындардың қажеті жоқ. Дәрігерлер минералды суды да аздап ішкен жөн санайды. Өйткені мұндай суда тұз көп болады. Одан да краннан құйылған суды қайнатып ішкен жақсы, ондай суда тұздың рационы теңдей келеді.
Қуырылған, кептірілген, жиі тұздалған тағамдардан бас тартқан абзал. Фастфуд, қытырлақ, чипсыны мүлдем жемеген жақсы.
Осындай қарапайым қағидаларды орындау арқылы осынау ерекше мүшені аман алып қала аламыз.