ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан тұрғындарын коронавирус инфекциясынан қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, аурудың алдын алу туралы ұсынымдарымен бөлісті.
“Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясы жоқ. Министрлік қабылдап жатқан шаралар бірінші кезекте ел аумағына инфекцияның әкелінуінің алдын алуға бағытталған. Осы мақсаттарда біздің азаматтардың да, қазір коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдер санатындағы елдерден келетін азаматтардың да келуін шектеу бойынша аса салмақты қауіпсіздік шаралары қабылданды. Бұл елдерді біз инфекцияның таралуына байланысты бірнеше санатқа жіктедік”, - деді Е. Біртанов.
Медицина профессоры Алмаз Шарман коронавирусқа қатысты кеңес берді
Оның айтуынша, азаматтардың келуін шектеуден басқа, барлық келген адамдарды 14 күн бойы карантинге алу шарасы қабылданады.
“Инкубациялық кезеңде біз бұл адамдардың ауруды жұқтырмағанына сенімді болуымыз керек, сондықтан да арасында жұқпалы ауруды таратушылар болса деген қауіппен үшінші тұлғалармен байланыс жасау шектеледі. Бұл барлық елдерде қолданылатын әдеттегі шаралар”, - деді денсаулық саласының басшысы.
Мәліметтерге сәйкес, бүгінде шамамен 1 млн адам елге оралды, егер олардың арасында науқас адамдар бар болған болса (температурасы көтерілген немесе ауамен жұғатын инфекция сипаттарымен), онда олар міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, тиісті тексеруден өткізіліп, емделеді.
“Олардың ішінде 185 адам бар, оның 165-і ауруханадан шығарылды, 20 адам қалды. Күн сайын пациенттер келіп түсіп жатыр, бірақ олардың ішінде коронавирус жұқтырғандар анықталмады. Жағдай бақылауға алынған, дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Қазір бізді алаңдатып отырған негізгі мәселе – жалған ақпараттар, фейктер. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтынан немесе 1406 байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады”, - деді Е. Біртанов.
Коронавирус: жарқанаттар не себепті қауіпті вирустар тасиды?
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі инфекцияның алдын алу шараларын атап өтті. Ұсынымдардың кез келген әдеттегі вирустық инфекция кезінде ұсынылатын әрекеттерден еш өзгерісі жоқ.
“Бұл – өз денсаулығын қадағалау, жеке гигиенаны мұқият сақтау, өйткені инфекция ауа-тамшылы жолмен беріледі. Тұрақты гигиена, бет пен қолды жиі жуу – ең жақсы тәсіл. Сонымен қатар, коронавирустық инфекция тіркелген елдерге қажетсіз саяхаттап барудан аулақ болу керек, температурасы жоғары адамдармен байланысқа түспеуге тырысу қажет. Сонда ауырып қалмауға болады”, - деп түйіндеді денсаулық сақтау министрі.