Тістің саулығы өте маңызды. Сондай-ақ оның түзу және түсінің біркелкі болғанын да қалаймыз. Егер брекет тағу жайлы ойланып жүрген болсаңыз, сізді бірнеше сұрақтар мазалап жүрген болуы мүмкін. Ендеше, брекет жайлы көпшілікті мазалайтын негізгі сұрақтардың жауабын ұсынамыз.
1. Ортодонтқа алғаш рет неше жаста көріну керек?
Егер балада бәрі дұрыс дамып жатса, оны ортодонтқа 3,5-6 жаста көрсету керек. Бұл кезде дәрігер жақтың қалыптасуында қандай да бір ақау бар-жоғын анықтайды. Ақау түріне қарай оны түзеуге бірден кірісіп кетуі немесе тұрақты тістердің шыққанын күту үшін кейінге қалдыруы мүмкін.
Брекетті тұрақты тістер толық шығып болғаннан кейін ғана (шамамен 12-14 жас) орнатады.
2. Тістемді дұрыстау үшін ересектерге брекет тағуға бола ма?
Жасқа қарамастан кез келген адам дұрыс емес тістемді түзете алады. Бірақ балалармен салыстырғанда ересектерде бұл процесс ұзаққа созылады. Себебі қаңқаның өсуі тоқтайды, ал қатты сүйектерді қалыптастыру қиын. Сондай-ақ ауыз қуысы органдарының кей аурулары (тісжегі, пародонтоз, эндокринді аурулар) брекет тағуды кейінге қалдыруы мүмкін. Кейде емдеу тиімділігіне тіс қаптамасы немесе мостигі болу әсер етеді.
3. Брекет тағу ауырта ма?
Брекет тағу процесі ауыртпайды, бірақ шыдамды қажет етеді. Себебі оны тағуға бір сағаттай уақыт кетеді. Брекет таққаннан кейін 7-10 күн бойы тістеу кезінде тіс ауыруы мүмкін. Ағза басқа затқа үйренуі үшін уақыт керек. Жалпы тістің ауыруы немесе ауырмауы әр адамның сезімталдық деңгейіне байланысты.
4. Брекет тамақ ішуді қиындата ма?
Брекет қондырғаннан кейін тамақ жеуге үйрену керек болады. Ол шамамен 3-7 күн уақытты алады. Бұл кезде жұмсақ және сұйық өнімдермен тамақтанасыз. Жемістер мен көкөністерді ұсақтап кесіп жеу керек болады. Тіске жабысатын тамақтардан бас тартасыз.
Ал уақыт өте барлық тамақты жеп үйренесіз. Бірақ "coca cola" сусынын (желімді ерітіп жіберуі мүмкін), қатты өнімдерді (жаңғақтар, қытырлақтар) және созылмалы жабысқақ тәттілер жеуге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ сағыз шайнау ұсынылмайды.
5. Тісжегі пайда болса, не істеу керек?
Брекет құлпы құрамында фторы бар арнайы желіммен жабыстырылады. Оның астына әдетте тісжегі пайда бола алмайды. Бірақ егер тісжегі пайда болса, оны емдеуге болады. Қажет жағдайда дәрігер құлыпты алып, қайтадан кейін жабыстырып береді.
6. Брекет таққаннан кейін дәрігерге қаншалықты жиі қаралу керек?
Адам тісінің құрылымы мен ақауына байланысты дәрігерге әр 1-2 айда бір рет көріну керек болады. Бұл кезде ортодонт емнің қалай жүріп жатқанын тексереді және брекетті тарттырып, қажет бағыт береді.
7. Брекет тағылған тісті қалай емдеу керек?
Бұл жерде кәдімгі тіс щеткасы мен пастасы көмектеспейді. Дәріханадан арнайы щетка, ысқыш және жіп аласыз. Осылайша, тістерді және құлып айналасын тиімді тазарта аласыз. Брекетке тамақ қалдықтары тұрып қалады, сондықтан әр тамақ ішкеннен кейін тісті тазарту керек.
8. Алғашқы нәтиже қай уақытта байқалады?
Бұл адамның өз ерекшеліктеріне байланысты. Біреулер алғашқы нәтижені 1,5-2 айдан кейін байқаса, басқалары жарты жыл күтеді.