- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бір орында тапжылмай...
Бір орында тапжылмай жұмыс істеудің зияны
Күнделікті жұмыста бір орыннан қозғалмай отырсаңыз аптасына кем дегенде екі жарым сағат дене жаттығуын жасауыңыз қажет. Мұндай шешімге Сидней университетінің ғалымдары келген.
"Американың кардиологтары колледжі" журналында зерттеудің нәтижесі жарияланды. Ғалымдар ұзақ уақыт бір орыннан тапжылмай отырудың зияны мен дене белсенділігі, жүрек-қантамырлары ауруларының байланысын зерттеген. Оған қоса кеңсе қызметкерлеріне ауруға шалдықпас үшін дене жаттығуын қаншалықты жиі жасау қажеттігін анықтап көрді.
Аустралия, Норвегия және Британия ғалымдары 45-жастан асқан 150 000 адамды 9 жыл бойы үздіксіз қадағалаған. Нәтижесінде дене еңбегін қажет етпейтін жұмыста істейтін қызметкерлерге спортпен көп шұғылдану қажет. Әсіресе күніне 6 сағат отырып жұмыс істейтіндер үшін жаттығудың маңызы зор.
Зерттеушілер күніне 6 сағаттан артық отырып жұмыс істейтіндердің жүрек-қантамырлары ауруларына шалдығуы 107 пайызға көп екенін анықтаған. Дегенмен денсаулыққа зиян келтірмес үшін күніне 20-40 минут, ал аптасына 2,5-5 сағат дене жаттығуымен шұғылдану қажет.
Сондай-ақ 2,5 сағат жасаған тоқтаусыз жаттығу жүрек-қантамырлары ауруларынан қорғайтын болып шықты. Ғалымдар жылдам жүру, баспалдақпен көтерілу, таза ауамен демалу, серуендей, велосипедпен жүру секілді қарапайым жаттығулардың пайдасы көп екенін мәлімдеді.
А. Рысдәулет