Әйелдер қауымының биік өкшелі аяқ киімге әуес келетіні белгілі. Алайда денсаулық тұрғысынан мұның зиянын бірі білсе, бірі біле бермейді. Аяқтың өкше жағы дене салмағының 60 пайызын, ал алдыңғы бөлігі 40 пайызын көтереді. Биік өкшелі аяқ киім кигенде ауырлық ортасы алға қарай ауытқып, жүріс қалпы бұзылатындықтан және алдыңғы бөлігіне тым көп салмақ түсетіндіктен бел мен омыртқа, тізе мен аяқ саулығы едәуір мөлшерде зиян шегеді. Аяқтың алдыңғы бөлігінің деформацияға ұшырап, жалпаюына, башпайлардың құрылымының өзгеруіне себеп болады. Мұндай аяқкиімнің қолайсыздығы мен балтыр бұлшық еттерінің дұрыс жұмыс істемеуінің әсері варикоз дертіне алып келеді. Тепе-теңдік тез бұзылатындықтан құлап жарақаттану жағдайы көп кездеседі.
Аяқтың саулықты болуы үшін аяқ киімнің өкшесі 4 сантиметрден аспауы қажет. Аяқ киім тар болмауы тиіс, башпай тарапы сүйір, үшкір болмауы, табаны тым қатты болмағаны жөн. Бірақ аяқтың жағдайына қарай қатты табанды аяқкиімдер құпталатын кездер де болады. Барлық жағы біркелкі теп тегіс жай табан болуы да құпталмайды. Терісі жұмсақ болғаны абзал. Ең маңыздысы аяққа ең қолайлы болатынын, аяқтың ыңғайлы сезінетінін таңдаған жөн. Синтетикалық шұлықтарды кимеген дұрыс. Аяқ саулығын қорғаудың ең жақсы жолы жалпы денсаулыққа мән беру, артық салмақ қоспау және ыңғайлы аяқ киім кию.
дереккөз: bilim-all.kz