- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бассейннің пайдасы мен...
Бассейннің пайдасы мен зияны
Бассейннің адам денсаулығына пайдасы зор. Спорттың кез келген түрі ағзаға әрқалай ықпал етеді. Жүзу – спорттың маңызды бір түрі, өйткені ол денені қатайтады, бұлшықетті қалпына келтіріп, бойдан бүкіл жағымсыз энергияны шығаруға жақсы көмектеседі. Сондай-ақ мінсіз мүсін иесі атануыңызға септігін тигізеді. Жүзу – денсаулыққа пайдалы тән рахаты.
Судың ішінде тұрып жаттығу жасау аса пайдалы. Өйткені денеге көп салмақ түспейді. Осының арқасында дененің белгілі бір бұлшықетімен жұмыс істеуге болады. Жүзу жүректің жұмысын күшейтіп, ерте қартаюдың алдын алады. Одан басқа да пайдасы көп. Күніне 30-40 минут жүзумен айналысқан адам өте қысқа мерзімде артық салмағынан арылады. Жүзу адамды күйзелістен құтқарып, денені тыныштандырады, жанға рахат сыйлап, энергия береді. Бассейнге кез келген адам барып, жаттыға алады. Жүзу қан қысымын реттеп, қан айналымды қалпына келтіреді. Бассейннен шыққан адам жүгіру мен секіруден кейін сезінетін ауырлық сезімін бастан өткермейді. Жүзу кезінде өкпе жұмысы жақсарып, тыныс алу мүшелері жаттығады. Суға түскен адам тоңса да, терлемейді. Бассейнге барып спортпен шұғылдану сәнді әрі денені тазалықта ұстайды. Бассейн омыртқаға өте пайдалы. Әсіресе күні бойы отырып жұмыс істейтін адамдар жүзу арқылы денсаулығын бірқалыпты ұстай алады.
Бассейннің зияны бар ма?
Зияны сол, бассейнге хлор себілетіндіктен, ол адамның шашына, терісіне, тырнағына кері әсер етеді. Арнайы көзілдіріксіз жүзу көзге де зиян. Бассейнге көп адам түсетіндіктен, суының қаншалықты жиі ауысып тұратынын сұраңыз.
Бассейнге бару үшін не керек?
Сүлгі, жүзуге арналған киім, жүзуге арналған бас киім, арнайы көзілдірік, сүйретпе аяқ киім, шаш кептіргіш керек.
Бассейнге бару әдебі
Әдетте бассейн душымен, моншасымен бірге қызмет көрсетеді. Бассейнге кірмес бұрын және бассейннен шыққанда денені сабындап жуу керек. Өзіңізбен бірге жуыну құралдарын (сабын, сусабын, денеге арналған гель) алып барыңыз. Егер жақсы жүзе алмасаңыз, бассейннің терең жеріне бойламаңыз. Су жылы болса да, кез келген уақытта дене қарысып қалуы мүмкін. Бассейнде адам көп болатындықтан, жолда жүргендей жолақтың оң жағымен жүзіңіз. Суға түскенде баяу, ұқыпты қимылдаңыз. Бассейннен кейін ыстық шай ішіңіз.
Бассейн екіқабат әйелдерге де пайдалы. Бала емізетін әйел адамдар бассейнге түскенде омырауына суық тиіп қалмауын қадағалау керек.
Бағасы қанша?
Бассейнге бір рет бару құны әрқалай, 1500 теңгеден басталады. Бір айға, жарты жылға, бір жылға купон сатып алсаңыздар да болады. Ол үшін қалаңыздағы жүзу орталығымен байланысыңыз.
Бассейндегі жаттығу
Жүзе алмайтын адамдар суға батырмайтын қорғаныс құралдары арқылы бассейннің ішіне түсіп, жаттығу жасай алады. Жаттығуды өзіңіз де, тренердің көмегімен де жасауға болады. Әдетте жүзу орталығының тренерлері жаттығуды көрсетіп тұрады, ал сіз оны қайталайсыз. Судың ішінде жасалатын оңай жаттығулар:
- Судың ішінде жүгіріңіз. Екі қолыңызды екі жаққа тіке ұстап, екі аяғыңызды кезек-кезек қозғалтыңыз.
- Аяғыңызды бүгіп, қайта тіктеп, оңға, солға, артқа, алға бұрылып шығыңыз. Жаттығуды оң жағыңызбен де, сол жағыңызбен де 4 рет қайталаңыз.
- Ішіңізді босаңсытып, жамбас бұлшық етіне күш салып бір аяғыңызды екінші аяғыңызға қойып, суға отырыңыз. Екі аяғыңызбен бірдей қайталаңыз.
- Екі аяғыңызды екі жаққа көтеріп, қайта түсіріңіз. Жаттығуды 4 рет қайталаңыз.
- Екі алақаныңызды бір-біріне тигізіп, екі қолыңызды екі жаққа жайыңыз. Жаттығуды 10 рет қайталаңыз. Бұл уақытта аяқты баяу қимылдатыңыз. Мына суреттегі жаттығуларды жасауға болады.
Р. Роза