Башпайдың қисаюы туралы не білеміз?

Башпайдың қисаюы туралы не білеміз?

Табан сүйегінің өзгеруі әйелдермен қатар жас қыздарда кездесуде. Бұл томпақ сүйек не себепті пайда болады? Оның әдемі жүріс пен аяқ киім формасын өзгертпеуіне қалай қол жеткіземіз? Заманауи медицинаның барлық сұраққа айтар жауабы бар.

Үлкен башпайдағы сүйектің деформациялануын тек косметикалық мәселе деп қарай алмаймыз. Ол тек ұсқынсыз көрініс сыйлап қоймай, үнемі ісіп тұрады және ауырады. Бұл томпақ - қыздардың сұлулыққа ұмтылуының нәтижесі.

Ұсқынсыз сүйекті медицинада табан сүйегінің деформациялануы деп атайды. Шындығында ол жерде ешқандай төмпешік жоқ. Бір сүйектің ішке, екіншісінің сыртқа қарай өсуінен туындаған қисаю. Оны бірден емдемесе, уақыт өте келе жағдай нашарлап, сүйек қаттырақ қисая түседі. Бұл жағымсыз көрініс қана сыйлап қоймай, жүрген сайын аяқты ауыртады. Мұнымен қатар аяқ киім сатып алған кезде қиындық тудырады. Кейде оны артроз немесе тұздың жиналып қалуы деп те айтады. Нақты диагнозды ортопед дәрігер ғана рентген мен анализ нәтижесін көрген соң қоя алады.

Ең сорақысы – аталған аурумен әйел адамдар ауырады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйел адамның бұл ауруға шалдығу саны ермен салыстырғанда 20 есе көп. Ал біз биік өкше аяқ киім киіп, сымбатымызды көрсеткенді жақсы көреміз. Табан біз салатын ауыртпалықты көтермей, өзгеріске ұшырайды.


Бұдан өзге анадан қыз балаға жұғуы мүмкін. Мысалы, әжеңіз бен анаңызда дәл осы мәселе қиындық тудырса, болашақта сіздің қиналуыңыз ғажап емес. Аяқтағы төмпешік адам жасына байланысты пайда болады деп ойламаңыз. Көп жағдайда 12-15 жас аралығындағы қызда кездеседі. Ал 25 жасқа келгенде сүйек өсуін тоқтатып, төмпешік сол күйінде қалып қояды. Артық салмақ, ұзақ жүру, буын ауруы және маймақтық осы ауруды тудырады.

«Қате» бұрыш қалай пайда болады?

Аяққа артық салмақ түссе, ол қалай өзгереді деп ойлайсыздар? Табанның екі байланыстырушысы бар. Бұл байланыстырушылар табиғи амортизатордың қызметін атқарады. Яғни жүрген сайын сүйектің сынғыштығын төмендетеді. Егер аяққа түсетін салмақ бірдей болмаса, бұлшық ет әлсізденіп, байланыстырушы қызметін тоқтатады.

Егер аяқтың басы жалпайғанына қарамастан, тар аяқ киім киіп жүре беретін болсақ, келесі жағдай болады. Табанның бірінші сүйегі қалыпты орнынан жылжиды. Бұл жылжу «вальгусты бұрыштың» пайда болуына алып келеді.

Табан сүйегінің қисаю кезеңдері:

Бірінші кезең: 20º-қа дейін жылжу. Аса ауырмайды, тек эстетикалық жайсыздық тудырады.

Екінші кезең: 20-30º-қа жылжу. Ұзақ жүрген соң ауыра бастайды.


Үшінші кезең: 30-50º-қа жылжу. Аяқ киім таңдау қиындап, жүрген сайын ауырады.

Төртінші кезең: 50º-тан жоғары өзгеру. Тыныш жатқанның өзінде де ауыра бастайды. Мұнымен қатар өзге саусақ деформациялана бастайды. 

Төмпешікті емдеуге ванна көмектеспейді!

Интернет беттерінде жазып жүрген халық медицинасы, ванна, компресс, йод жолақтары сындылар көмектеспейді. Олар бар болғаны уақытша ауырсынуды басады. Егер аз ғана деформацияланған болса, ортопедиялық құрал көмектеседі. Мысалы, түнгі бандаж сүйекті қалпына келтіреді. Онымен күндіз жүруге болмайды, бірақ түнде киіп алсаңыз, ұйқыңызға кедергі жасамайды. Ал күндіз қолдануға арналған арнайы төсеме бар. Ол башпайдың аяқ киім ішінде дұрыс орналасуын қадағалайды.


Аурудың кез келген кезеңінде ортопедиялық ұлтарақ кию қажет. Ол башпаймен қатар, буын мен омыртқаның дұрыс орналасуын қадағалайды. Заманауи ұлтарақтың қалыңдығы 2-3 милиметр ғана. Және небары 20-30 минуттың ішінде дайын болады.

Хирургия жолымен өзгерту

Хирургия - сүйектің қисаюын орнына келтірудің ең әсерлі әдісінің бірі. Бүгін оның 30-ға жуық тәсілі бар. Ауруханада отаны жабық күйінде өткізеді. Яғни бірнеше тесудің көмегіне жүгінеді. Отадан кейін бұрынғыдай гипс салмайды. Бастапқыда ортопедиялық аяқ киім киіп, балдақтардың көмегімен жүруге болады. Бұл ота тек сыртқы пішінін өзгертеді, жағдай қайталанбас үшін дұрыс аяқ киім киіп жүруге мәжбүр боламыз.


Бұл ауруды емдеу үшін ең дұрысы – алдын ала емдеу шаралары. Яғни үнемі басы дөңгелек, ені кең, өкше биіктігі 4 сантиметрден аспайтын аяқ киім киіп жүру керек. Егер біз өкше аяқ киімді киіп үйреніп қалған болсаңыз, арнайы ұлтарақты ұмытпаңыз.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: fashion.ru

Қ. Бүйенбай