- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бас айналу мен...
Бас айналу мен ауыру
Өмірде кездесетін көп аурулардың бірі - адам басының айналуы, ауыруы, сақинасының ұстауы. Бұл ой жұмысымен, яғни шығармашылықпен, ғылыммен айналысатындарда да, көп балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілер мен мұғалімдерде де, қартайған кісілерде де жиі кездесетін сырқат. Оны дәрі ішіп те, халық емін қолданып та, таза ауада серуендеп те айықтыруға болады. Ең бастысы, асқындырып алмау.
Бас айналу. Бұл оқтын-оқтын адам басында пайда болатын, кейде бірнеше күнге, немесе аптаға созылатын дерт. Бас қатты айналғанында, адам әлсіреп, тәлтіректейді, лоқсиды әйтпесе құсады. Сол кезде сырқаттың өңі қуарып, денесінен суық тер шығады, бойы қалтырайды. Бас айналу ауруының басты себептері: ішкі құлақ пен мидың зақымдануы, көздің дертке ұшырауы тағы да басқа жағдай-лар. Адамдар кейде тұрған қалпын кенеттен өзгерткенде (шыркөбелек айналған-да, тік өрге шыққанда, тездетіп төмен түскенде), олардың басы айналады. Ол ортаңғы, ішкі құлақтың қабынуынан. Ми тамырлары дұрыс жұмыс істемесе де бастың айналуы мүмкін. Мұндайда адам талықсиды. Спиртті ішімдік-терден де, улы газдардан да, темекіні көп тартқанда да бас айналады. Адамның басы қатты айналғанында, оны төсекке жатқызып, дәрігерлік көмек шақырады. Бас айналудың себептері анықталғаннан кейін ғана ем қолданған дұрыс.
Бас ауруы. Оған да әртүрлі сырқаттар себеп. Қан тамырларының қызметі бұзылса (гипертониялық аурулар, бас сақинасы) миға қан біркелкі келмейді, содан бас сырқырап, солқылдап ауырады. Бас ауруы ішкі секреция бездері бұзылса да, әйелдерде етеккірі келгенде, кексе әйелдерде етеккірі тоқтағанда да болады. Оның инфекциялық аурулардан да, көз сырқатынан да (алыстан көре алмау), құлақтың ауруға шалдығуынан да, уланудан да, ішімдікке салынудан да, шылым шегуден де, шаршағаннан да болатын кездері көп. Бас ауырғанда оған грелка қоймайды, ұйықтататын дәрі-дәрмек ішпейді. Бас сырқатын басатын жағдайлар: күнделікті режимді қатаң сақтау, уақытында тамақтану, желдетілген бөлмеде жайлы ұйықтау, серуендеу, суға шомылу, емдік гимнастикалар жасау.
Бас сақинасы. Оның басқа атауы – гемикрания. Ол грек сөзі: «бастың жартысы». Бұл сырқатта бастың бір жағы солқылдатып, қозғалғанда күшейіп ауырады. Бастың сақинасы ұстағанда кейде көздің көруі, сөйлемей қалушылық болып, саусақтар шаншып, әлсізденеді, адам шу мен жарықты көтермейді, дұрыс сөйлеуге қабілетсіздік орын алады. Бас ауруы ұстамалары кез келген жаста бастала береді. Негізінен, көбінесе 20-30 жаста пайда болып, 50 жастан соң басылады. Бас сақинасы ауруы кейде тұқым қуалайды. Ол жыныстық же-тілудегі гормондық статустың өзгеруінің, жиі күйзелудің, қажудың белгілері болуы да мүмкін. Бас сақинасымен күресуде беретін дәрі-дәрмектер бар. Үнемі байсалды болу мүмкін болмаса да, орын алған оқиғаны сабырлы қабылдауға, қатты айтылған сөздерді көтере білуге үйрену – бас ауруларын дамытпай, тоқтатуда маңызды қадам.
Бас ауруында тамақтану. Бас ауруына қарсы дәрілерді көп қолданғанда ағза оған үйреніп алады да, соны іздеп тұрады. Ауруды уақытша тоқтатқаннан гөрі, ағзаның қорғаныс қуатын арттырған дұрыс. Мұндайда тамақтануға көңіл бөлу бірінші орында. Кей жағдайда шоколад, кофе, шай, цитрус жемістері немесе никотин, тағы да басқаларға ағзаның қарсылығынан да бас ауырады. Мұны қан қысымын өлшеу арқылы анықтауға болады. Егерде жеген тағамыңыз ағзаның қарсылығын туғызбаса ғана мынандай емдерге, істерге көшіңіз: әуелі ағзаны тазалап алыңыз. Ол үшін 2-3 күн қатарынан жеміс, көкөніс шырындарынан басқа нәр татпау қажет. Шырынды қайнаған сумен араластырып, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін әрбір 2 сағат сайын ішкен жөн. Ішекті тазалау үшін күніне 1 рет клизма жасалады. Осылайша 2-3 тәулік ашыққаннан соң келесі күндерде ас-ауқат жеміс-жидектер болуға тиіс. Негізінен, басы ауыратындар көбінесе жеміс-жидек, көкөністер мен жаңғақтар, астық және сүт өнімдерімен тамақтанса, ол өте пайдалы. Күніне 3 рет емес, аз-аздап 6 рет тамақтанған дұрыс. Тәтті (кондитерлік өнімдер, торттар, т.б.), ащы (тұз-далған, қақталған т.б.), қалбырланған тағамдардан аулақ болу қажет.
Н. Үсенова