- Негізгі бет
- Денсаулық
- Баодинг денсаулық шарлары...
Баодинг денсаулық шарлары туралы білесіз бе?
Денсаулық шарлары ертеде пайда болған. Тарихи еңбектерде қоңырауы бар шарлар алғаш рет Қытайдағы Мин әулеті басқарған уақытта (1368-1644 жж) пайда болғандығы жазылған. Олардың әрқайсысы әртүрлі дыбыс беретіндіктен, біреулері –"ақырған Айдаһар" (денсаулық пен рухтың күшін білдіреді), басқалары – "сайраған Феникс" (жаңару мен жасару белгісі) деген атау алған.
Бастапқыда денсаулық шарларын тек Баодинг қаласынан ғана алу мүмкін болатын, ал қазір олар әлемнің кез келген бұрышында бар. Бір қызығы, Баодинг қаласында денсаулық шарлары әлі де үлкен құрметке ие. Бұл қалада адамдарды денсаулық шарларымен емдейтін дәрігерлер көп. Оның тұрғындары да шарларды жиі қолданады. Статистика бойынша, олар басқа ел тұрғындарымен салыстырғанда ұзақ өмір сүреді. Ендеше, денсаулық шарларын қалай қолдану керек?
Фен-шуй бойынша, адам алақанынан 6 сызық өтеді: 3 Инь сызығы (қан айналым, жүрек және өкпеге жауап береді) және 3 Янь сызығы (аш ішек пен тоқ ішекке жауап береді). Егер оларға денсаулық шарлары арқылы әсер ететін болса, адамның ішкі органдарының жұмысы жақсарады.
Денсаулық шарларының адамның жалпы ойлануына және ми жұмысына беретін оң әсері ертеден байқалған. Бастапқыда шарларды тек жауынгерлік өнермен айналысатын адамдар ғана қолданатын болған. Олар қолда шарларды жиі айналдыру қол ептілігін, есте сақтау мен зейін қоюды дамытатындығын айтқан.
Шарлар кез келген адамға пайдасын тигізетіндігін білгеннен кейін дәрігерлер оларды мына адамдарға ұсына бастаған:
- Жақсы саусақ моторикасын қажет ететін саладағы адамдар (мәтін теру, программист, компьютерлік дизайн және т.б);
- Музыкалық аспаптарда ойнайтын адамдар;
- Мұқият зейінді қажет ететін саладағы адамдар (көлік жүргізушілері және т.б.);
- Ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдар (мұғалімдер және т.б);
- Қол буыны ауыратын адамдар (мысалы, ревматизм немесе артритпен қиналатын адамдар).
Бірақ жоғарыда айтқандай, шарлар кез келген адамға пайдалы, сондықтан оны қалауына қарай барлық адам қолдана алады.
Денсаулық шарларымен орындалатын жаттығулар
Фен-шуйға оралсақ, энергияның пайдалы түрлерін күшейтетін жаттығулар бар. Мысалы, шарларды алақанда сағат тілімен жылдам айналдырса, онда Янь энергиясын күшейтуге болады. Ал егер шарларды сағат тіліне қарсы баяу айналдырса, онда Инь энергиясын арттыруға болады.
Бастапқы кезде қарапайым жаттығуларды үйреніп, содан соң тәжірибе жинап, күрделі түрлеріне көшуге болады.
Қарапайым жаттығулар
1. Домалату. Бұл қыздыруға арналған ең қарапайым жаттығу. Бар болғаны екі шарды алақанда домалату керек.
2. Лақтыру. Бір шарды жайлап лақтырып, алақанмен қағып алу керек. Бұл жаттығуды 5 минут жасасаңыз, алақанды қыздыруға болады.
3. Алақанмен қысу. Шарды алақанның қақ ортасына қойып, оны алақаныңызбен қатты қысыңыз.
4. Саусақтармен қысу. Осы жолы шарды саусақтарыңыздың ұшымен қатты қысыңыз.
Күрделі жаттығулар
1. Шарларды сағат тілімен және сағат тіліне қарсы айналдыру. Екі шарды бір алақанға алып, оларды құлатып алмай, белгілі бағыт бойынша айналдыру керек. Бастапқыда жай, содан соң жылдам айналдырып үйренуге болады.
2. Шарларды бір-біріне тигізбей айналдыру. Бұл жоғарыда айтылған жаттығудың қиындатылған түрі. Бір алақанға екі шарды алып, оларды бір-біріне еш тигізбей айналдыру керек. Бастапқыда қиын болғанымен, жиі жасай берсеңіз, жылдам үйренесіз.
3. Үш шарды айналдыру. Екі шарды айналдырып үйренген соң, үш немесе одан да көп шарларды айналдыруды меңгеруге болады.
Денсаулық шарларын қолдануда қажет болатын кеңестер:
- Алдымен шардың дұрыс көлемін таңдаңыз. Олар кішкентай, орташа және үлкен болады. Жаңадан бастаушыларға ең дұрысы – орташа шарлар.
- Жаттығуларды орындау кезінде айналдыру мен қысуды кезектестірген жөн. Сол кезде тиімді нәтиже болады;
- Алғашқы уақытта шар қолдан түсіп кете беруі мүмкін. Сондықтан айналаңызда зақымдайтын зат жоқ жерде жасаңыз;
- Жаттығу жасау кезінде қолды кезектестіруді ұмытпаңыз. Тек оң немесе сол қолға екпін қойылмау керек;
- Қолдағы шарларға қарамай, көзіңізді жоғары көтеріп, сезіміңізді тыңдап, ұнаған жаттығуды жасаңыз;
- Жаттығу аяқталған соң шарларды құрғақ дәкемен сүртіп, құрғақ жерге сақтау керек;
- Дүкеннен бұл шарларды суретіне қарап тануға болады. Олардың қораптарында Айдаһар мен Феникстің суреті тұрады.