Балаңыздың бойынан, дене бітімінен қандай да бір ауытқуды байқасаңыз дәрігерге көрсетуге асығыңыз. Әсіресе омыртқасына баса мән беріңіз. Түрлі күштің әсерінен жас жеткіншектің омыртқасы қисаюы мүмкін.
• Балаңыздың омыртқа жотасына күш түспеуін сәби кезінен қадағалап жүріңіз. Нәрестені ерте отырғызуға болмайды. Омыртқасы мен беліне күш түседі. Бала айы күні толғанда өзі отырады. Сондай-ақ сәбиді қолға ұстап көтергенде бір жағымен ғана көтермеңіз.
• Балаңыздың жүріс-тұрысын, арқасын түзу ұстауын, бойында көзге көрінетіндей қаңқа өзгерісі бар-жоғын қадағалаңыз.
• Балаңыздың бір иығы екінші иығынан жоғары не төмен тұрмағанына мән беріңіз.
• Сабақта партаның немесе компьютердің алдына отырғанда түзу отыру керек екенін әр кез есіне салып отырыңыз.
• Балаға ауыр зат көтертпеңіз. Мектепке баратын сөмкесі де жеңіл болу керек. Бір жақ иығына емес, арқасына іліп жүретін сөмке алып беріңіз.
• Таза ауада бойын тік ұстап жүргізіп, көбірек серуендетіңіз. Бір орында тапжылмай отыра беруге болмайды. Спорт үйірмелеріне қатыстырыңыз. Мысалы, жүзу, гимнастика, би, т.б.
• Баланың ішетін тамағы да дәрумендер мен минералды заттарға бай болуы керек. Сүттен жасалған тағамдар, балық, көкөніс және жеміс-жидектер беріңіз.