Кей балаларға қарап, миына түк қонбайды, ұрыссаң да, ұрсаң да оқымайды, қанша оқытсаң да түсінбейді деп ата-анасы шағым айтып жатады. Оған анасының өзі кінәлі. Себебі бала құрсақта жатқан кезінен анасының қан құрамындағы гемоглобин мөлшері аз болса, баланың жады жетілуіне кері әсер етеді. Анасы арқылы баланың да қаны аз боп туса, міндетті түрде қаназдықпен күресу керек. Анемияның белгілері енжарлықтан, өңі бозарыңқы болудан, тамаққа тәбеті болмаудан білінеді. Дер кезінде аурудың алдын алмаса, асқынып кетеді де, бала жиі есінен танып, құлап қалатын болады, басы ауырып, қан қысымы түседі. Адам ағзасындағы темірдің қайнар көзі етте. Ол тез сіңірілуі үшін құрамында С дәрумені көп жемістер мен көкөністерді көптеп жеген дұрыс. Бала жиі ауырып қала берсе де, гемоглобин төмендейді. Иммунитеті әлсіреген соң, инфекциямен күресуде ағзадағы темір көптеп жұмсалады. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, бала жиі ауырса, дереу гемоглобинін тексеру керек. Аналардың тағы бір қателігі балаға көп ет бермейді. Бірі бала ағзасына вегетариандық тағамдар дұрыс деп тапса, енді бірі сіңіруге қиын деп баланың мәзірін жасауда еттен бас тартады. Бұл ағзада темір жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Дәрігер кеңесі: Бір жастағы балаларға сиырдың, бұзаудың, тауықтың, күркетауықтың, қоянның майсыз етінен жасалған езбе беруге болады. Ал бір жарым жасқа толған кезінен бастап етті тефтели, домалатпа, бұршақ ет (фрикаделька) беріңіз. Барлығы да буға піскені абзал. Осылай ет құрамындағы барлық пайдалы зат өзгеріссіз сақталады. Котлетті буға, пешке салардан бұрын не бұқтырар алдында сәл ғана қуыруға болады. Бауырдан жасалған тағамдардан еш бас тартпаңыз, әсіресе бұзаудың бауыр еті темірге өте бай. Кескен кезде тез қараятын алманы көп жеңіз, бұл да құрамында темір көп болуымен байланысты.