- Негізгі бет
- Денсаулық
- Балалардағы ішек құрт...
Балалардағы ішек құрт ауруы
Ішек құрт ауруы — паразитарлық ауруға жатады. Ең көп таралғаны — домалақ құрттар, олардың ішінде көбінесе аскаридалар. Бір қарағанда ұсақ паразиттер қауіпсіз көрінгенімен, ағзаны улайтыны есте болсын. Әсіресе олар сәби ағзасына тез еніп, өз туған мекеніндей орналасып алады. Бұл адам денсаулығына, әсіресе бала ағзасына кері әсерін тигізеді. Алайда олардан тез арада құтылу амалдарын жасауға болады. Назарларыңызға балалардағы ішек құрт ауруының белгілері, емделу жолдары жөнінде ақпарат ұсынамыз.
Ішек құртын жұқтыру өте оңай. Олардың жұмыртқасы барлық жерде болады. Тіпті таза үй ішінің өзінде кез келген заттың беткі бөлігі бала үшін қауіпті. Алайда паразиттерді үй ішінен гөрі серуенде жүргенде, дүкенге барғанда, балабақшадан жиі жұқтырады. Көбінесе балаларда тексеру барысында жыланқұрт немесе үшкір құрт түрлері анықталады.
Ішек құрт ауруының басты белгілері
• Баланың асқа тәбеті болмайды. Алайда бала тәттіқұмар болып, таңертең ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығады және жүрегі айниды.
• Бала үнемі құйрықтың төмен тартып ауырғанынан, қышитынынан мазасызданады. Мұндай келеңсіздіктер өзі пайда болып, бірден өзі басылады.
• Көзінің асты қарайып, әлсіздік пайда болады. Ішек құрттар баланың орталық жүйке жүйесіне кері әсер тигізетіндіктен, үнемі мазасызданып, түнгі ұйқысы тынышсызданады.
• Балаға суық тимесе де, түнімен жөтеліп шығады.
Ауруды анықтау және емдеу
Ішек құрттарды көзбен көру мүмкін емес. Оны тек анализ тапсырып қана анықтауға болады. Себебі олардан ағзаны тазарту үшін қандай түрімен күресу керегін білу қажет.
Копрограмма. Бұл тәсіл қалыпты, алайда тиімсіз. Тек нәтижесі анық боу үшін зәр, нәжіс, қан тапсырып, анализдерін анақтаған дұрыс. Мұндай анализдерді педиатр-дәрігерлер 3 рет жасатады.
Қан анализі. Жалпы анализге қан талдауы (аш қарынға тапсырылады) ішек құрттардың іште бар екенін көрсетеді. Ең бірінші орында эозинофилдер санына қарайды. Егер де осы көрсеткіш дұрыс шықпай, гемоглобиннің түсіп кетуі қосылса, онда тез арада ем қабылдау керек.
Негізі ішек құртына арналған ем тек қана дәрі-дәрмекпен жүргізіледі. Ал балалар үшін мұндай дәрілер суспензия түрінде шығарылады. Кейде дәрігерлер ішек құртқа қарсы дәрілермен қоса сурбенттерді жазады. Бұл құрамында улы токсиндері бар азықтардан ағзаны қорғап, ішек құрттардан тазартады. Дәрі қабылдағаннан кейін міндетті түрде үй ішін таза ұстап, зарарсыздандырып және күн сайын шомылып, бала ойнайтын ойыншықтарды тазалап жуып тұрған дұрыс.
Ауру неден пайда болады?
Ішек құрттар көп жағдайда ет пен балықтан жасалған тағамдардан түседі. Ал мұндай жолмен түскен құрт ағзаға өте қауіпті. Сол себепті оларды дайындағанда сақтық шараларын ұстанып, алдын ала ағзаның жағдайын жасаған жөн. Мәселен:
• Балықты суды қайнатқан соң салады. Балық салынған соң тағы кемінде 15-20 минут қайнау керек.
• Балықты қуырғанда, жұқа етіп турап, кем дегенде 15-20 минут табаның қақпағын жауып қуырады.
• Балықтан жасалған пісірмелерді 1 сағат пісіру керек.
• Тұздалған балық дайындау үшін, шамамен 10 кг балыққа 2 кг ас тұзын салып тұздайды. Содан соң 2 аптадан кейін жайып кептіреді.
• Еттен жасалған тағам дайындау үшін, етті салып бір қайнаған суын төгіп тастайды. Сосын қайта су құйып, кемінде 1 сағат қайнатады. Сонда ғана ағзаға түрлі паразиттердің түсуі аз болады.
Аурудың алдын алу
Ішек құрттар пайда болмас үшін, сақтану (профилактика) қажет. Ол үшін тамақтанар алдында қолды міндетті түрде жуып, тамақты таза пісіріп, көкөністер мен жеміс-жидектерді тазалап жуып жеу қажет. Сонымен қатар бала сарымсақ, қаражидек, сәбіз шырынын немесе одан жасалған салатты (салатқа өсімдік майын араластыру керек) көп тұтынғаны жөн. Паразиттерден сақтанудың ең тиімді тәсілі асқабақтың шикі дәні. Ішек құрттардан сақтану үшін емдік шөптерден жасалған шайларды да пайдаланса болады.
Н. Үсенова