Қазір ата-аналар арасында балаларын тұзды үңгірге апару сәнге айналды. Тұзды үңгірді бұрынғыдай балалар емханасынан, шипажайдан, емдеу-сауықтыру орталығынан ғана емес, сондай-ақ жеке балабақша мен мектептен немесе сауда орталығынан кездестіруге болады. Бірақ олар шынымен де тиімді ме?
"Тұзды" терапияның 2 түрі бар
Тұз үңгірлерін медициналық тілде галокамералар деп атайды. "Гало" сөзі грек тілінен "тұз" деп аударылады. "Тұзды" терапияның спелеотерапия (жер астында емдеу) деп аталатын басқа бір түрі бар. Олардың жұмыс істеу принциптері бірдей: емдік әсер жасанды түрде жасалған микроклиматтың, яғни, тұзды булармен қаныққан арнайы ауаның себебінен алынады. Бірақ олардың өз ерекшеліктері бар.
Спелеокамера – қабырғалары мен едені сильвинит табиғи материалымен төселген бөлме. Ол – ежелгі Перм теңізінің түбінен алынған мыңжылдық түзілім. Сильвинит – құрамы күрделі минерал: оның ішінде магний де, калий де, кальций де бар. Бұл әдіс бойынша, спелеокамерадағы емделуші пайдалы тұздарды сіңірген ауамен тыныс алады. Ол бұл бөлмеде тыныш атмосферада босаған күйде табиғат дыбысын немесе баяу музыка тыңдап жатуы керек. Спелеокамераларды табиғи тұзды шахталардың тікелей прототипі десе болады.
Галокамералар – "тұзды" терапияның ең заманауи және ілгерішіл түрі. Бұл жерде сильвинит қыртыстарының орнына галогенераторлар қолданылады. Ол натрий хлоридінің құрғақ аэрозолін шашатын арнайы құрал. Емделуші жеке галоингалятор қолданатын, яғни құрғақ тұзды аэрозольді маска арқылы алатын түрі де бар. Егер "тұзды" терапияның екі түрін салыстыратын болса, галокамералар спелеокамераларға қарағанда белсендірек әсер етеді және нәтижесі жоғары.
Баланы қандай жағдайда тұзды үңгірге апару ұсынылады?
Әдетте, жоғары және төменгі тыныс алу жолдарының қабынба аурулары кезінде тұзды үңгірлерге бару ұсынылады. Ол фарингит, трахеит, ларингит және т.б болуы мүмкін. Бірақ мұндай жерлерге тек ауру жазылып келе жатқанда бару керек. Аурудың ұлғайып тұрған кезінде, әсіресе, жоғары температура болса, "тұзды" терапияға баруға тыйым салынады.
Бұл терапияның екі түрі де ылғал жөтел кезінде жақсы көмектеседі. Себебі тұзды булар қақырықтың жылдам және оңай шығуына әсер етеді. Сондай-ақ бұл терапияларға кей аллергия түрлерінде бару ұсынылады. Мысалы: поллиноз. Алайда баланы тұзды үңгірлерге апармас бұрын міндетті түрде дәрігердің кеңесін алу керек. Себебі кей ауру түрлерінде тұзды ауа керісінше, зиянын тигізуі әбден мүмкін. Мысалы, созылмалы құрғақ жөтел кезінде тұзды үңгірге баруға тыйым салынады.
Кей ата-аналар тұзды үңгірге баланы иммунитті көтеру мақсатында апарады. Алайда бұл жағдайда да ешқандай қарсы көрсетілім жоқ екеніне көз жеткізіп, дәрігердің кеңесін алғаннан кейін ғана бару керек.
Тиімділік деңгейі
Гало- және спелеотерапияның ең басты артықшылығы – емдік нәтиженің ұзақ сақталуы. Тұзды үңгірлерге барғаннан кейін иммунды глобулиндердің күресу қабілеттілігі жақсаратыны ғылими дәлелденген. Иммунды глобулиндер дегеніміз – ауыз қуысы мен мұрынның шырышты қабығын вирустар мен зиянды бактериялардан қорғайтын жасушалар. Клиникалық тәжірибелер бойынша, орташа есеппен жылына 10 рет ауырған мектеп оқушыларының тыныстық аурулармен ауыру қаупі галотерапия курсынан соң екі есеге төмендеген.
Тұзды үңгірлерде сақтау керек ережелер:
1. Ең алдымен "дұрыс" гало- немесе спелеокамера таңдау керек. Емделушілерге мұндай емдік қызмет ұсынарда мекеменің физиотерапиялық әрекет жасауына рұқсат етілген лицензиясы болуы тиіс. Егер санитарлық режим бұзылса, сіз де, балаңыз да басқа тасымалдаушылардан ауру жұқтырып алуыңыз мүмкін. Тұзды үңгірлерге бару ережесін білмейтін ата-аналар көп, сондықтан кей ата-аналар баласын ол жерге белсенді ауырып тұрған кезінде әкелуі мүмкін. Ал бұл қызметті ұсынып тұрған мекеме оларға ережені ескертпеуі де мүмкін.
2. Егер дәрігер галотерапия курсын жазып берсе, оны үзбеген дұрыс. Тұзды үңгірге күнде немесе күнара бару керек. Тек демалыс күндері ғана үзіліс жасауға болады. Ал қалған күндері оны қалдырмаған жөн.
3. Әдетте, ересектер мен балаларға 10 сеанстан тұратын курстан, ал 3-5 жас аралығындағы балаларға 8 сеансты курстан өту ұсынылады.
4. Тұзды үңгірде 30 минут жүрудің өзі жеткілікті, бірақ оның ішінде одан да көп уақыт өткізуге болады.
5. Сеанс кезінде тыныш күйде отқан немесе кушеткада жатқан жұрыс. Егер баламен бірге барсаңыз, өзіңізбен бірге кітап немесе ойыншық ала барыңыз. Бұл жерде жүгіруге немесе секіруге болмайтынын айтып ескертіп қойыңыз. Қазір балаларға арналып жасалған тұзды үңгірлер көп, ол жерде балалар уақытты қызықты өткізе алады.
6. Тұзды терапия кезінде басқа да тыныстық терапиялар алу кезіндегідей температуралардың бірден ауысуына тап болмау маңызды. Мысалы, қатты суық күні келсеңіз, тұзды үңгірге кірмес бұрын дәлізде 20 минуттай отырып күткен жөн. Сол кезде ағза мен тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары бөлме температурасына бейімделіп үлгереді. Сеанстан соң далаға шықпас бұрын тағы да дәлізде 15 минут отыра тұрған дұрыс.
7. Гало- және спелеокамералар үшін 18-20º С қолайлы температура болып саналады. Сондықтан оның ішінде суықтау болатынына дайын болыңыз.