Балдың емдік қасиеті туралы шексіз айтуға болады. Бал түрлі аурулардың алдын алады, бойдағы дерттен жазады. Оны асқа, дәрі-дәрмекке және косметикалық бұйымдарға қосады. Ал бұрын-соңды бал ваннасы туралы естіп пе едіңіз?! Жоқ?! Олай болса, бал ваннасының пайдалылығы туралы көп дүниені білмейді екенсіз.
Бал ваннасының пайдасы
Бал ваннасы тері қабатын жұмсартып, оны нәрлендіреді. Жүйке жүйесі, тыныс алу, жүрек қан тамырларының жұмысы мен ағзадағы зат алмасу кезеңін жақсартады. Бойдағы зиянды қалдықтарды сыртқа шығарады. Бал ваннасы денені тазартып қана қоймай, денсаулықты да жақсартады.
Бал ваннасын қалай қабылдау керек?
Ванна қабылдау үшін кристалды немесе сұйық бал керек. Тек бал жоғары сапалы әрі жаңадан жасалғаны жөн. Бір ваннаға 250 грамм бал жеткілікті. Бал ваннасын қабылдаған кезде су температурасы мен уақытты қадағалаған абзал.
Бал ваннасы ыстық суда қабылданса, оның температурасы 40 градустан, уақыты 10 минуттан аспауы тиіс. Ыстық сулы бал ваннасын қабылдаған кезде қан тамырлар кеңейеді. Қан айналым мен зат алмасу кезеңі жақсарып, тер шығады. Мұның арқасында ағза бойдағы зиянды қалдықтардан арылады. Сондай-ақ, артериалды қысым жоғарылап, тыныс алу мен жүрек жұмысы жақсарады.
Жылы суға толы бал ваннасының температурасы -37-390С, уақыты 10-15 минут болғаны жөн. Бұл ваннаны да қабылдаған кезде ағзадағы зат алмасу кезеңі жақсарады. Сонымен қатар, жүйке жүйесіне оң әсер беріп, шаршағандықты, әлсіздікті басады. Ұйқы мен ас қорытуды жақсартады.
Бал ваннасы суық суда қабылданса, уақыты 5 минуттан аспағаны жөн. Бұл ванна бойға сергектік сыйлайды. Ағзадағы қан айналымды жақсартады.
Есіңізде болсын!
Ванна қабылдамас бұрын тазаланып, жуынып алыңыз. Бал ваннасын жиі-жиі қабылдауға болмайды. Денсаулығыңыздың жағдайына қарап ваннаны айына 2-3 рет қана қабылдауға болады. Бал ваннасын қабылдаған кезде ештеңе ойламауға тырысыңыз. Бал ваннасын қабылдаған соң, 30-40 минут жатып, демалыңыз. Бал ваннасын аяғы ауыр келіншектерге, туберкулез, атеросклероз, стенокардия, гипертония, гемофилия ауруларына шалдыққандар мен балға аллергиясы бар жандарға қабылдауға болмайды. Бал ваннасын қабылдамас бұрын өзіңіздің отбасылық дәрігеріңізбен ақылдасып алыңыз.Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: tetkam.net