- Негізгі бет
- Денсаулық
- Аз ұйықтау ағзаға...
Аз ұйықтау ағзаға қалай әсер етеді?
Соңғы кездері ұйқысыздықтан қиналатындар көп. Бұрын адамдардың аз ұйықтауының басты себебінің бірі — олардың демалмай, көбірек жұмыс істеуі болатын. Sleep Foundation бейкоммерциялық ұйымының мәліметі бойынша, Covid-19 пандемиясының себебінен пайда болған күйзеліс көпшіліктің азырақ ұйықтауына немесе тіпті, ұйқысыздықпен қиналалуына әкелген. Бұл феномен «коронасомния» деген атау алды. Ендеше, 6 сағаттан аз ұйықтаудың ағзаға қандай зияны бар?
Ұйқы бойынша эксперт әрі дәрігер Ребекка Роббинстің айтуынша, күнде бір сағатқа аз ұйықтаудың өзі циркадты ырғақты бұзу үшін жеткілікті. Бұл өз кезегінде психикалық аурулардың, семіздіктің және Альцгеймер ауруының пайда болу қаупін арттырады. Сондай-ақ ұйқының қанбауы жүрек проблемалары мен иммунитеттің төмендеуіне әкелетінін дәлелдейтін зерттеулер бар.
«Ми күні бойы Альцгеймер ауруына немесе деменцияға әкелуі мүмкін токсиндерді бөлетінін анықтадық, — дейді дәрігер Ребекка Роббинс. — Біз ұйықтап жатқанда ми бұл токсиндерді бөлуді тоқтатып қана қоймай, миды шаятын және жиналған токсиндерді жоятын церебраль сұйықтықты өңдеп шығарады».
Сондай-ақ маманның айтуынша, тәулігіне қажетті 7-10 сағат ұйықтайтын адамдарға қарағанда аз ұйықтайтындардың тұмаумен ауыру қаупі екі есе жоғары.
Сонымен қатар, ұйқы сапасы адамның Covid-19 вакцинасын қаншалықты жақсы көтеретініне тікелей әсер етеді. «Вакцина алған адамдардың ағзасы вируспен күресетін антиденелер өңдеп шығарады. Егер вакцинаны дұрыс ұйқы ұзақтығымен үйлестірсеңіз, антиденелердің бөлінуі жылдамдай түседі», — дейді дәрігер.
Ұйқыны ретке келтіру үшін дәрігер Ребекка бірнеше пайдалы әрекеттерді әдетке айналдыруды ұсынады. Біріншіден, төсекке күнде бір уақытта жатыңыз. Екіншіден, ұйықтауға ең болмағанда 30 минут қалғанда гаджеттердің бәрін сөндіріңіз. Гаджет қараудың орнына кітап оқыған немесе тыныс алу жаттығуларын жасаған жөн. Егер түн ортасында оянып кетіп, ары қарай ұйықтай алмасаңыз, төсекте жатпай, орныңыздан тұрып, медитация жасау керек. Дәрігердің айтуынша, медитация төсектен жатқаннан гөрі жылдам ұйықтап кетуге көмектеседі екен.
А. Жапатова