Әлеуметтік желі пайда болғасын пластикалық хирургке жүгінетіндер саны күрт санап артып келеді. Мысалы, Қазақстанда 2015 жылға дейін бұл мамандық иелері аз болса, бүгінде 800-ден астам. Әлеуметтік желі бет-әлпеттің әдемі болуын талап етеді. Сондықтан әдемілік үшін пышаққа түсетін қыз-келіншектер өте көп. Сұраныс артқасын бұл мамандық түрінде алаяқтар да пайда бола бастады. Елімізде 10 күн ішінде пластикалық хирургияны үйретемін немесе блефаропластикада 10 жылдық тәжірибем бар дейтін инсталаяқтар кесірінен қаншама әйелдер алданып, опық жеп қалып жатыр.
Осы орайда Massaget.kz порталының тілшісі "АМИРА" пластикалық және косметология клиникасының бас дәрігері Данияр Урмурзинмен сұхбаттасты.
Урмурзин Даниярдың бұл салада 25 жылдық тәжірибесі бар. Ол алаяқтарға алданбау үшін алдымен ота жасатар орталықтың лицензиясын қарау керек дейді. Ал рұхсатқағаз үнемі жоғарыда немесе бөлмеде ілініп тұрады.
"Пластикалық хирургия басқа да медициналық мамандықтар секілді лицензияны талап етеді. Сол себепті осы мамандықтың иесі болып жұмыс істеу біріншіден, - лицензия, екіншіден, отаға қажет жабдықтар, үшіншіден, барлық талапқа жауап бере алу керек", - дейді маман.
Пластикалық ота жасайтын алаяқтар оның салдарын, қалай емдеу керек екенін білмейді.
"Пластикалық отада өзіне тән көрсеткіштер болады. Бізде эстетикалық және медициналық көрсеткіштер бар. Пластикалық хирургтың осы көрсеткіштерді білмей ота жасауға құқығы жоқ. Одан бөлек, отаның кезеңдерін, хирургиялық асқынуларды және онымен күресу түрлерін білу керек", - дейді Данияр Қайратұлы.
Алаяқтар сізге ота жасау үшін шақырып, ешқандай дайындықсыз бастап кетеді. Маманның айтуынша, осыны есте сақтау маңызды.
"Ота жасау үшін адам ағзасының барлық жай-күйін анықтау қажет. Анализдерсіз ота жасауға болмайды. Норматив бойынша отадан 10 күн бұрын медициналық тексеру болуы тиіс. Ота түріне қарап науқастың анализ саны анықталады", - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, отаның әр жасқа қарап жасалатын түрлері болады. Ал біліксіз маман оны ескермейді.
"Пластикалық хирургияда жас үлкен рөл ойнамайды. Отаның үлкен кезде де немесе жас кезде де жасалмайтын түрлері бар. Мысалы, мұрынға отаны өте жас кезде жасауға болмайды. Өйткені мұрын шеміршектері жас ұлғая келе қалыптасады", - дейді Данияр Урмурзин.
Алаяқтар әлеуметтік желіде белгілі бір уақыт аралығында маман дайындаймыз деп жазып қояды. Пластикалық хирургтың айтуынша, оған бірнеше жыл керек.
"Пластикалық хирург мамандығын дайындау үшін елімізде алдымен базалық білім керек. Бакалавр, интернатураны есептемегенде маман болу үшін 6-7 жыл оқисың. Егер қосымша резидентураны есептесек тағы 4 жыл кетеді. Сонымен, барлығы маман болу үшін 11 жыл уақыт керек", - дейді ол.
Отаның қате болуынан көптеген әйел бетінде тыртық қалып жатады. Маманның айтуынша, оны дұрыстауға болады, бірақ алдымен отаның неден қате кеткенін білу маңызды.
"Ота дұрыс жасалмаса, оның эстетикалық тұрғыда қате жасалғанын немесе медициналық тұрғыда асқынулар болғанын анықтап алу керек. Егер эстетикалық тұрғыдан қате жасалған болса, оны дұрыстауға болады. Ал медициналық асқынулар болса, өте мұқият емделуді қажет етеді", - дейді маман.
Біз Данияр Қайратұлынан алаяқтарға алданып қалған адамдар қайда арыздану керек екенін сұрадық.
"Отаның қалай жасалғанын білу мақсатында бізде пластикалық және реконструкцивті хирургтар қоғамында эксперттік сараптама жасайтын ұйым бар. Сол сараптама қорытындысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жүгінуге болады. Ол азаматтық немесе медиативті іс ретінде шешіледі. Кейде ол қылмыстық іс ретінде де қаралады. Қазір елімізде арнайы білімі жоқ алаяқтар ота жасап жатыр. Мұнымен дұрыстап күресу керек", - дейді ол.
Данияр Қайратұлының айтуынша, пластикалық ота жасатқасын дәрігер талабын орындау өте маңызды екен.
"Ота міндетті түрде оңалтуды талап етеді. Мысалы, біздің клиника пациентпен бір жыл байланыста болып, оны уақытылы тексеруден өткізіп тұрады. Науқас барлық талаптарды сақтау керек. Керек жағдайда коррекцциялық манипуляция да жасаймыз. Бұл біздің клиника беретін кепілдіктің бір түрі. Орташа есеппен сауығу екі кезеңге бөлінеді. Бастапқы этап бірнеше күннен үш жетіге дейін. Ал толық сауығу бір-бір жарым жыл уақыт алады. Отадан кейін бәрібір тыртық қалады. Біздің міндеттің бірі сол тыртықты көрінбейтін ету. Хирург пен науқас бірлесе отырып емдеу тәртібін дұрыс сақтаса, бәрі жақсы болады. Тағы да айтарым, маман айтқан тәртіпті сақтау науқастың тез сауығуына кепілдік болады", - дейді "Амира" пластикалық хирургия орталығының бас дәрігері.
Маман паластикалық отадан кейін өзіне деген бағасы, сенімі артатынын айтады. Сондықтан болар бұл қызмет түріне жүгінетіндер саны көп.
"Әрине, психологиялық тұрғыда өзіне деген сенімі өзгеріп, сенімі артады. Мысалы, адамның құлағы бала кезінен үлкен болса. Оны айналасы сол үшін кемсітетін болса, өзінде комплекс қалыптасады. Қанша жерден психологқа барып, ол «осы құлағыңызбен өзіңізді қабылдаңыз, бәрі жақсы» дегенімен де көшеде оған біреу тесіліп қарағаннан немесе құлақ жайлы әңгіме айтқаннан бастап баяғы комплекс қайта оралады. Ал отадан кейін бұл кемшілігі жойылады", - дейді дәрігер.
Данияр Қайратұлы бұл мамандық түрі ешқандай да қысқа уақытта үйренуге болмайтынын айтады. Егер қысқа уақытта үйретемін дейтіндер болса, содан-ақ оның алаяқ екенін білуге болады.
"Басқа мамандықтағы сияқты бізде де тәжірибелі мамандар жас пластикалық хирургия хирургтеріне тәлім береді. Тәжірибесімен бөліседі. Бізден кез келген уақытта көмек сұрауға болады, көмек беруге дайынбыз. Жас мамандарға шеберлік сағаттарын өткіземіз. Мысалы, қазір осы орталықта екі резидент, бір ординатор дәрігер оқып, тәжірибе жинақтап жатыр. Біз жас мамандарды оқытар алдында оларды қараймыз, іріктеуден өткіземіз. Егер ол қателессе "ұстазыңыз кім болды" деп сұраймыз. Жалпы, жас маманның барлығына бірінші осы сұрақ қойылады", - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, ең көп жасалатын ота - блефаропластика. Одан кейін кеудені үлкейту, үшіншісі - іштің липосакциясы, яғни іштің, белдің майын алу. Ерлер де пластикалық отаға жиі жүгінеді екен.
"Ерлер жиі блефаропластикаға, құлақты түзеу және бетті тарту үшін біздің орталық қызметіне жүгінеді. Кейде жыныс мүшесін ұзартуға немесе жуандатуға да келеді. Жыныс мүшесін 3-4 см-ге ұзартуға болады. Бағасы 800 мың теңге шамасында. Пластикалық операциялардың бағасы жасырын емес, барлығы сайтымызда жазылып тұрады", - дейді ол.