Аяқ сіңірі тартылуының 12 себебі

Аяқ сіңірінің тартылуы жиі кездесетін жағдай, әсіресе, ол түнде мазалайды. Аяқ бұлшықеттері еріксіз жиырылады және ауырады. Ол неліктен пайда болады? Себептерін білу арқылы оның алдын алуға болады.

Суды аз ішу
Судың жетіспеуі бұлшықеттер құрысуын шақырады. Қарқынды физикалық жаттығулар мен қоршаған ортаның жоғары температурасы ағзаның сусыздануына ықпал етеді. Сондай-ақ күні бойы таза судың орнына кофе, шай немесе сусын ішіп жүру де сусыздануға әкеледі. Егер аяқ сіңірі түйілуінің себебі ағзаның сусыздануында болса, күніне 8 стақан су ішу керек.

Бұлшықеттерге күш түсіру
Ауыр жаттығуларды бұрыннан бұлшықеттер құрысуымен байланыстырады. Қаңқалық бұлшықеттерге артық күш түсіру және шаршаңқылық артық күш түсірілген бұлшықет талшықтарының түйілуіне әкелуі мүмкін. Сол үшін де аяқ сіңірінің түйілуі кәсіби спортшылардың арасында кең тараған. Сұйықтық көп ішу оның пайда болу мүмкіндігін азайтқанымен, шамадан тыс жүктеме кезінде аяқ сіңірінің түйілуін бодырмаудың танылған әдісі жоқ.

Ағзаға электролиттердің жетпеуі
Бұлшықеттер бірқалыпты жиырылуы үшін қанда электролиттер (калий мен кальций) тепе-теңдігі болуы керек. Егер бұл минералдардың деңгейі өзгеріп кетсе, бұлшықеттер қысылуына ықпал етуі мүмкін. Жемістер мен көкөністерді күнделікті жеу минералды заттардың деңгейін тепе-теңдікте ұстауға көмектеседі. Сондай-ақ электролиттер тепе-теңдігін сақтау үшін дәрігермен кеңесіп, арнайы препараттар ішуге болады.

Натрий жетіспеуі
Натрийдің аз болуы бұлшықеттердің ауырып құрысуына әсер етеді және күйзеліс гормонының артуына әкеледі. Сондықтан натрийдің негізгі көзі — тұздан мүлдем бас тартудың қажеті жоқ.

Қалқанша без жұмысының проблемасы
Егер аяғыңыздың сіңірі жиі түйілсе, міндетті түрде қалқанша безді тексертіп алу керек. Егер ол дұрыс жұмыс істемесе, аяқ құрысуы басқа бір аурудың (мысалы, гипертиреоз) белгісі болуы мүмкін.

Жас ерекшелігі өзгерісі
Аяқ сіңірі түйілуінің тағы бір себебі — қартаю болуы да мүмкін. Адам қозғалыс нейрондарын жоғалта бастағанда бұлшықеттер жиі құрыса бастайды. Бұл 50 жастағы немесе одан асқан адамдарға тән. Зерттеулер күштік жаттығулар мен тепе-теңдікке арналған жаттығулар бұлшықеттердің және жүйке жүйесінің жұмысын сақтауға көмектесетінін көрсеткен.

Аз қозғалысты өмір салты
Отырыңқы жұмыс және қозғалыстың болмауы бұлшықеттер иілгіштігі мен ұзындығының және аяқ сіңірінің қысқаруына ықпал етуі мүмкін. Белсенділіктің болмауы лайықты түрде созылуына мүмкіндік бермейді, сондықтан ол аяқ сіңірінің түйілуіне әкеледі. Күніне ең болмағанда жарты сағат созылуға және отырып-тұру жаттығуына уақыт бөлу керек.

Ыңғайсыз қалыпта ұйықтау
Ішпен жатып ұйықтасаңыз, табан бүгілу қалпында болады. Бәшайлар ары қарап жатқасын балдыр бұлшықетінің құрысуы болады. Табан бұл қалыпта ұзақ сақталса, кез келген қозғалыс аяқ сіңірінің түйілуіне әкеледі.

«Екі аяқта» жұмыс істеу
Күні бойы тұрып жұмыс істейтін адамдардың аяқтары жиі тартылады. Адам ұзақ уақыт бір орында тұрса және қозғалмаса, қан мен су дененің төменгі бөлігіне жиналып қалады. Ол сұйықтықтың теңсіздігіне, сондай-ақ бұлшықеттер мен сіңірлердің қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан көп уақытыңызды екі аяқта өткізетін болсаңыз, міндетті түрде қозғалуға тырысыңыз. Мысалы: аяқтың ұшымен тұрып, қайта жерге түсу.

Дәрілер ішу
Кей дәрілік препараттар аяқ тартылуын шақырады. Мысалы, жоғары қан қысымына арналған дәрілердің несеп айдайтын қасиеті бар, сондықтан ағзадағы су мөлшері азайып қалады. Демікпе кезінде ішетін дәрілерді ұзақ уақыт бойы ішсе, түнде аяқ сіңірінің түйілуіне әкеледі.

Жүктілік
Жүкті әйелдердің көпшілігіне бұл жағымсыз сезім таныс. Ол салмақтың артуымен және қан айналымның бұзылуымен байланысты. Сондай-ақ жүкті әйелдің ағзасына магний мен В6 дәрумені жетіспесе де, аяқ сіңірі тартылуы мүмкін.

Созылмалы аурулар
Диабет, гипертония, артрит, неврологиялық аурулар және депрессия секілді созылмалы аурулардың себебінен де аяқ сіңірінің түйілуі болады. Оның себебі кейде сол ауруларды емдеу үшін ішкен дәрілерге байланысты. Ал басқа жағдайларда (диабет пен неврологиялық аурулар кезінде) жүйке жүйелері жұмысының бұзылуы ықпал етеді.