Аяқ-қол жылынбай, үнемі тоңып жүрсе, мұздай берсе, мұның негізгі себебі – қан айналымының нашарлығы. Мұны британ мамандары айтып отыр.
Ұлыбритания салқын әрі ылғалды аймақ болғандықтан, бұл елде аяқ-қолы жылынбай маза кететіндер көп көрінеді. Осыны айтып миллиондаған азамат дәрігерге жүгінеді.
Мамандардың айтуынша, қан айналымы дұрыс болмаса, аяқ-қолға қан бармай, дұрыс энергия бөлінбейді. Қан тамырлары құрысып қалады да, суықтау содан болады.
"Аяқ-қол тоңбас үшін қан айналымын барынша жақсарту керек. Ал оның ең тиімді жолы – аяқ пен қолды жылы ұстау. Шұлық (байпақ), қолғап, шарф киіп, жылы жүру қажет", - дейді ағылшын мамандары.
Мамандардың айтуынша, аяқ-қолды жылы ұстауға мына нәрселер де көмектеседі:
- Барынша кеңірек киім киген жөн, тар киім қан айналымын нашарлатып жібереді;
- Аяқ-қолға, башпай-саусаққа массаж жасап, нәрлендіретін крем жағуға болады;
- Артық салмақтан арылу;
- Күніне 30 минуттай физикалық жаттығу жасаңыз;
- Көбірек жүріп-тұру қажет, бір жерде отыра беруге болмайды; яғни, күнде жиірек жүруге тырысу қажет, сонда қан айналымы жалпы жақсы болады.
"Қан айналымын жақсартатын тағы бір нәрсе – тағам. Қара бүлдірген (ежевика), омега-3 қоспасы мол балықтар, сарымсақ, зімбір, апельсин, асқабақ дәні, жаңғақ пен қарбыз – осылардың бәрі қан айналымына жақсы әсер етеді", - дейді ағылшын дәрігерлері.
Аяқ-қолдың тоңғақтығына басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Мәселен, варикоз, Рейно синдромы сынды аурулар денсаулыққа кері әсер етеді. Мұндайда дәрігерге қаралып, ем-дом алу қажет.