Тісті щеткамен тазартып, ауызды бальзаммен шайып, жалбызды сағыз шайнасаңыз да ауыздан жағымсыз иіс кетпейтін кездер болады.
Йога тәжірибесінде тіл тазарту процедурасы бар. Алайда көптеген адам оған мән бермейді. Тіске қарағанда тілде өңез (налет) 50 есе көп жиналады. Соның әсерінен жағымсыз иіс шығады. Осы тілдегі өңез әр түрлі бактериялардың қоректену ортасына айналады. Сондықтан тісті тазартып, тілді күтімсіз қалдыруға болмайды. Ауызды жалбызды сұйықтықпен шаю да бірнеше минутқа ғана әсер береді, алайда өңезді толықтай жоймайды.
Қалай тазалаймыз?
Көптеген тіс щеткасының сыртқы жағында тіл тазартуға арналған қырғыш болады. Бірақ мұндай қырғыштар да толықтай тазартпайды. Керісінше, кейбір адамдар лоқсып, құсуға дейін барады.
Арнайы тіс тазартатын қырғыштар сатылымда көп кездесе бермейді. Егер тауып жатсаңыз, шеті өткір болмауын тексеріңіз. Тілді жарақаттап алуыңыз мүмкін.
Тіл тазартудың қарапайым әрі қолжетімді әдісі
Қарапайым шай қасықты аламыз. Ол өте үлкен және өткір болмауы тиіс. Қасықтың шетімен тіліңізді тазартыңыз. Қасықтың шетінде тіліңізді тілуі мүмкін қиықтар болмауын тексеріңіз. Қасықтың көмегімен қатты күш түсірмей тіліңіздің ортасынан шетіне қарай ысырып өңезді тазартыңыз. Жиналған өңезді қасықтан жуып жіберіп, осы әдісті қайталаңыз. Айнадан тіліңізді көріңіз, оның алқызыл және өңезсіз екенін байқайсыз. Содан соң тісіңізді тіс щеткасымен тазартып алыңыз.