- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ата-ана баланың тұмауын...
Ата-ана баланың тұмауын емдегенде қандай қатеге жол береді
Баласы бар ата-ананың аса ұнатпайтын жыл мезгілі — күз. Жаз бойы кез келген ата-ана баланы суға түсуге апарып, күнге күйдіріп, жеміс-жидектің түр-түрін беріп, иммунитетін көтергендей болады. Бірақ күзде балабақшалар мен мектептер өз есіктерін ашады және сонымен бірге жөтелу, мұрыннан су ағу, түшкіру, температура да басталады. Аналардың көбі үйдегі барлық мүмкін әдістерді қолданып болған соң ғана баланы дәрігерге апарады. Алайда, дәрігерлердің айтуынша, үй дәріханасындағы құралдар мен тұмауға қарсы бізге таныс әдістердің барлығы бірдей балаға пайдалы емес. Ендеше, бала тұмауын өз бетімен емдерде қандай қате әрекет жасамаған жөн?
38 градустан төмен температураны түсіру
Кей аналар бала температурасы 37 градустан асқан бойда бірден қызуды түсіретін дәрі беріп тастайды. Олар бұл әдетімен бала ағзасының инфекциямен өздігінен күресуіне кедергі келтіреді. Себебі дененің жоғарғы температурасы ішке кірген вируспен күресетін интерферон ақуызының өңделуін арттырады.
Температура түрін білмей тұра бірден оны түсіретін дәрі беру
Қызу көтерілудің екі түрі бар: қызыл және бозғылт. Біріншісі, қан тамырлардың кеңейіп кеткенін білдіреді, сондықтан балаға бірден температура түсіретін дәрі беру керегін білдіреді. Бірақ баланың терісі бозғылт және аяқ-қолы суық болса, бұл қызу көтерілудің екінші түрі болғаны. Бұл жағдайда температура түсіретін дәрілерді бірден беруге болмайды. Алдымен түйілуді басатын дәрі немесе жылы су береді, қолына қолғап, аяғына жылы шұлық кигізеді. Содан кейін қан тамырлар кеңейіп, баланың беті қызара бастағанда ғана температура түсіретін құрал қолданады. Кей балалар туғанынан бозғылт, қызу көтерілуге бейім келеді.
Қызуы көтерілген баланы қалың көрпемен орап тастау
Жылы көрпеге оранып, терле деген сөзді балалық шағыңызда жиі естіген боларсыз. Алайда бұл дұрыс емес. Қызуы көтерілгенде қолдану керек бірінші ереже — баланы шешіндіру. Әйтпесе, ағза улану қаупі бар. Егер бала кішкентай болса, жөргегін де шешу керек.
Денеге қыша қағаз жабыстыру немесе оны йодпен сызу
Тұмау кезіндегі қыша қағаздарының тиімділігі дәлелденбеген, оның үстіне олар жағдайды ушықтыруы әбден мүмкін: мысалы, аллергия тудырады немесе теріні күйдіреді.
Бронхит және пневмония кезінде арқаны йодпен сызу керегі айтылады. Ол физиотерапиялық әсер береді: қабыну аймағындағы қан микроайналымын жақсартады. Бірақ пневмонияның асқынған (острый) кезінде физиотерапия жасауға болмайды, әйтпесе, қабынған жер бір тәуліктің ішінде екі есе ұлғайып кетеді. Денені йодпен сызу арқылы да оның ағзаға осындай әсер беруі әбден мүмкін. Сондықтан баланың ауырып тұрғанын көріп, өз бетінше оның денесін йодпен сызу дұрыс емес. Алдымен дәрігердің кеңесін алған жөн.
Бала аяғын ыстық суға салу
Бұл әдіс те терапияның бір түрі, оны әдетте мұрын айналасындағы қан микроайналымын жақсарту үшін тамақ бездерінің ісінуі кезінде қоладанады. Бірақ ол вирусты инфекцияны емдеуге еш қатысы жоқ. Бұл процедураны тек қатты тонғанда жылыну үшін ғана қолдануға болады, бірақ ол тұмауды емдемейді. Оның үстіне баласының аяғын ыстық суға саламын деп күйдіріп алған жағдайлар да аз емес.
Мұрынға арналған тамшыны ұзақ уақыт тамызу
Тамыр тарылтқыш тамшыларды шамадан тыс тамызғаны үшін ауруханаға түсетін балалар бар. Кей аналар ересектерге арналған тамшыларды балаларына қолданса, басқалары балаларға арналған түрін апталап қолданады. Соның кесірінен бала ағзасы уланады.
Бала мұрны бітелсе, дәрігер тамыр тарылтқыш тамшы жазып беруі мүмкін, бірақ әдетте мұндай емнің курсы тек 5 күнге созылады. Оның үстіне мұндай тамшыларды жиі қолдану тәуелділікке әкеледі.
Тамақты ыстық сүтпен емдеу
Тамақ ауыруын жеңілдету үшін сүт ішуге болады. Бірақ дәрігерлер оған бал, май немесе минералды су қосуды аса құптамайды. Себебі бал аллергия беруі мүмкін болса, май ұйқы безіне күш түсіреді. Ал минералды судың газын кетіріп, өзін бөлек ішкізу керек. Сүт ыстық болмауы да керек, оның жылы болғаны жарайды. Үлкен стақан сүтті тауысу міндетті емес, жылы сүтті үлкен қасықпен аз-аздан ішкізген дұрыс. Балаға жылы сүт берген кезде оның қызуы жоғары болмауы тиіс.