- Негізгі бет
- Денсаулық
- Астанада аутизм туралы...
Астанада аутизм туралы ақпарат таратуға арналған науқан өтті
Астанадағы Keruen сауда орталығында Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай қайырымдылық науқаны өтті. Оның мақсаты – аутизм проблемасы бар екенін барынша насихаттау. Бұл туралы «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова мәлімдеді, деп хабарлайды Вaq.kz.
Аутизмі бар 50-ден аса баланың ата-аналары, психолог-педагогикалық түзету кабинеттерінің (ППТК) өкілдері және қоғамдық ұйымдар ақпарат тарату мақсатында қосылып науқан өткізді. Онда ұйымдастырушылар халықты аутизм мәселесі жайлы хабардар етіп, ерекше күтімді қажет ететін балаларды түсіну және қолдауға шақырды. Ал, науқанды ұйымдастырушы «Болашақ» КҚ директоры Динара Шайжүнісова науқанның мақсаты жөнінде айтып берді.
«2 сәуір аутизм проблемасын нәсихаттау күні екенін білеміз. Сондықтан жексенбі күні қала халқы сауда орталықтарына көп келетіндіктен, осы жерде акция өткізуді көздедік. Мақсатымыз да сол – халықты аутизм проблемасы туралы максималды түрде ақпараттандыру», - деді Динара Шайжүнісова.
Әлем бойынша 67 000 000 адам аутизммен өмір сүретіндерін көбі біле бермейді. Әлемде әр 42–ші ұл бала және әр 189–шы қыз бала аутизм спекторында.
Науқан кезінде балаларға музыкалық және шығармашылық аймақтар ұйымдастырылады. Онда: аквагрим, көркемдік шеберліктер, мольбертте сурет салу, тұзды қамырмен мүсіндеу, лего-аймақтары, аниматорлардың ойын-сауық бағдарламалары болды. «Ерекше мерекелер» қоғамдық ұйымының қызметкерлері өнер көрсетті.
3 000 ақпараттық флаерлер таратылып, науқанға мыңнан аса адам қатысты. Сонымен қатар, шара барысында қонақтарға 1 000 тг қайырымдылық жарна беріп өз дизайнымен, жеке ерекше суретімен сөмке алуына мүмкіндік болды. Барлық түскен қаражат «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке лайықты» жобасын іске асыруына жіберіледі.
Айта кететін жайт, инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында және ерекше күтімді қажет ететін жандардың тең мүмкіндік алуы үшін «Болашақ» КҚ 30 наурызда жыл сайын бастау алатын БАҚ, медиа-мамандармен әуесқойлар арасында «Әр бала мектепке лайықты» инклюзивті білім алу жайлы ең үздік ақпаратқа 1 000 000 теңге ұтыс жариялады. Байқауға қатысам деушілерді шақырамыз. Қосымша ақпаратты осы сайттан таба аласыздар www.bolashakcharity.kz.
А. Қажиев