Асқазан қатерлі ісігінің алғашқы 2 белгісі

Асқазан қатерлі ісігі обыр ауруларының ішінде екінші орында тұрған түрі екен. Бұған әсіресе ер адамдар көп шалдығатын көрінеді. Кез келген ауруды күні бұрын анықтасақ, соғұрлым жазылуы да тез болмақ.

Сондықтан алғашқы белгілеріне мән беру керек дейді мамандар. Мәселен, АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің деректеріне сүйенсек, асқазан рагына шалдыққандардың көбі алғашқы симптомдары деп басты 2 белгіні атаған екен: бірі - тәбеттің мүлде болмауы, екіншісі - тез тойып қалу. Кей пациенттер тәбет тартпау бойынша мынандай қызық нәрсені айтқан: әсіресе, етке мүлде тәбеті болмаған да, басқа тамақтарға тәбеті болған.

Асқазанның шырышты қабығы ойылып, ойық жара асқына келе қатерлі ісікке айналады.

Жоғарыда айтқан 2 белгіден басқа мынадай белгілер мазалауы мүмкін:

Қыжыл
Қышқылдың дәмі ауызға келеді
Жүрек айну, құсу
Асқазан тамақ қорыта алмай қиналады
Іш жақ ауырады
Әлсіздік
Арып-азу
Тамақ ішкен кезде асқазанның жоғарғы жағы асты өткізе алмай кесек тұрып қалғандай әсер тууы мүмкін.

Тағы бір қауіпті белгілерінің бірі - тілдің түсі өзгеріп, сұрлануы мүмкін; тілдің үсті жып-жылтыр болып, жұмсаруы ықтимал.

Асқазан қатерлі ісігіне шалдықпас үшін мына әдеттерден бас тарту керек:

Шылым шегуді тастаңыз
Артық салмақтан арылыңыз
Тұзды, ащы, майлы қуырылған тағамдарды азайту қажет
Өңделген еттен жасалған тағамдарды жеуді қою қажет
Ішімдік ішуді де доғарыңыз