- Негізгі бет
- Денсаулық
- Асқабақ артық салмақтан...
Асқабақ артық салмақтан арылтады
Сан түрлі дертке шипа болатын асқабақтың елімізде 13 түрі өседі. Дәрігерлер күнделікті ас мәзіріне асқабақтан жасалған тағамдарды міндетті түрде енгізу қажеттігін айтады. Әсіресе қыс айларында жиі тұтынған жөн. Себебі ол ағзаға күш-қуат береді. Назарларыңызға асқабақтың пайдалы тұстары жөнінде ақпарат ұсынамыз.
Асқабақтың құрамында В тобының дәрумендері мол. Ағзаны тазартып, зат алмасуды тұрақтандырады. Несеп жолдары ауруларының алдын алуға да септігін тигізеді.
Егерде байқаусызда ыстық суға күйіп қалсаңыз, денеңізге бірден асқабақтың ұлпасын тартыңыз. Артық салмақ қосып, сымбатыңызға көңіліңіз толмаса, асқабақ диетасын ұстауға болады. Ал оның дәнегі жүйке жүйесін тыныштандырады. Дәнектің құрамындағы мырыш есте сақтау қабілетін жақсартып, мидың қызметін реттейді.
Асқабақтың емдік қасиеттері Авиценаның жазбаларында да, Мухаммед Хусейн Шеразидің еңбектерінде де кездеседі. Бұл жазбаларда тіпті, асқабақ дәнінің майы құлақ пен тамақ ауруына ем ретінде пайдаланылатыны, ыстығы көтерілген адамдарға асқабақ шырынының шипалы әсер ететіндігі айтылады.
Сол ерте заманның өзінде көру қабілеті нашарлағанда, қан аздықтан жапа шеккенде, артық салмақтан арылғысы келгенде адамдар асқабақтың еміне жүгінген. Сонымен қатар асқабақ асқазан мен ішекті шлактан тазартып, зат алмасуды тұрақтандырады.
Осынау дақыл дәндерінің құрамында жүрек жұмысын қалыпқа келтіре алатын магнидің жеткілікті мөлшері бар. Магний жүрек бұлшық еттерінің жұмысын жақсартып, ырғақтың бұзылуына тосқауыл қояды. Ғылымда дәлелденгендей холестериннің жоғары деңгейі жүрек қан-тамырлары ауруларын тудырады. Ал асқабақ дәнектерінің құрамындағы фитостеролдар қандағы холестерин деңгейін төмендетеді.
Дереккөз: baq.kz
О. Сансызбай