- Негізгі бет
- Денсаулық
- Асия Ибрахимова: "Әжелердің...
Асия Ибрахимова: "Әжелердің пікірін емес, медициналық көзқарасты қолдаймын"
Қазіргі кезде Инстаграм желісінде көптеген жас аналарға тегін кеңесімен көмектесіп жүрген отбасылық және балалар дәрігері Асия Ибрахимова Массагет сайтына сұқбат берді. Болашақ ана болсаңыз не кішкене бөбегіңіз бар болса, оның айтар кеңестері сіздің де кәдеңізге жарайды.
– Кішкене кезіңізде кім болам деп армандадыңыз?
– Мұғалім не журналист боламын деп ойладым, бірақ 8-сыныптан бастап дәрігер болам деп шештім, сол мақсатыма жеттім.
– Балаларыңыздың мамандық таңдауына араласар ма едіңіз? Дәрігер болам десе қалай қарайсыз?
– Негізі мен сияқты дәрігер немесе әкесі сияқты әскери адам болғанын қаламас едім. Бірақ аса қызығатын мамандығы осы болса, әрине, жоқ демеймін.
– Отбасы мен мансаптың біреуін ғана таңдау керек болса, қандай шешім қабылдар едіңіз?
– Отбасыны таңдаймын ☑.
– Отбасылық дәрігердің артықшылықтары қандай?
– Бір отбасыға толықтай жауапты боласың, сол үйдегі кішкентай баладан ата-әжесіне дейін, өз аймағыңдағы адамның барлығын жаттап аласың ғой ☺.
– Қазіргі кезде үйдегі үлкендер мен дәрігерлердің бала күтіміне байланысты пікірі ұштаспайды. Сіз қайсысын қолдайсыз?
– Өзім дәрігер болғандықтан, медициналық көзқарасты қолдаймын. Үлкен кісілердің заманында басқаша болған, сондықтан олар түсінгісі келмейді. Қазір заман да, ғылым да дамып жатыр, сол себептен ол кісілер жаңашылдыққа үйренісе алмайды-ау деймін.
• Баланы жөргектеу не жөргекпен орамау?
– Бұл жерде әркім өз көзқарасына сүйенуі керек. Жалпы, медицина баланы жөргектемеуге, бесікке салмауға кеңес береді. Екеуінің де плюс-минусы бар. Өзім қызымды бесікке жатқыздым.
• Ұнтақ ботқасы (манная каша) пайдалы не зиян?
– Ең бастысы ботқаны сүтпен араластырмай, суға пісіріп беру керек. Ұнтақ ботқа зиян, құрамында фитин мен глютен көп. Оны мектеп жасындағы балаларға аптасына 3 рет беруге болады. Ал 1 жасқа дейінгі балаға күнделікті манная каша беретін болсаңыз, кальций ағзаға сіңбей, кальций тапшылығы туындауы мүмкін және баланың асқазан-ішек жолдары бұзылуына алып келеді.
• Қойдың майын қазіргі балалар көтере алмайды не пайдасы мол?
– Қойдың майын балаға жегізуге болмайды. Өте ауыр, бала асқазаны қорыта алмайды. Баланың денесін де қой майымен сылауға болмайды. Тері демалып тұруы қажет. Ал баланың үстіне жағылған май тесіктерді бітеп, теріге ауа жібермейді. Оның үстіне болашақта баланың тершең болуына алып келеді, тері бездеріне кері әсерін тигізеді.
• Табиғи сүт пе (сиыр сүті) әлде қоспа ма (смесь)?
– Сиыр сүті балаға ауыр болады, дұрысы дайын қоспа, себебі оның құрамындағы заттар ана сүтіне жақын етіп жасалған және ол дәрумендермен толықтырылған.
– Баланың кіндігі шығып кетуіне не себеп болуы мүмкін?
– Кіндігі шығып кетудің себебі түріне байланысты. Мысалы тума кіндік шығуы ол жатырда жатқанда іш қуысы қабырғасы дұрыс дамымағандықтан, ал жүре пайда болған кіндік шығуы кіндік дұрыс кесілмеуінен, кіндік орны дұрыс бітпеуінен немесе кіндікке инфекция түсуі т.б. жағдайда пайда болады.
– Ал жаңа туған балаларда кездесетін сарғыштық белгісіне не себеп?
– Жаңа туған сәбиде алғашқы 7-10 күн сарғыштық болуы, қалыпты жағдай, ал одан кейін кетпесе, бұл – паталогия. Оған бауырдың дұрыс жетілмеуі себеп болады. Билирубин деңгейі артып, сарғыш пигмент денеге тарайды.
– Қазір не себепті көпшілік әйелдің толғағы табиғи жолмен келмейді? Толғақ шақыратын препараттардың зияны туралы айтыңызшы?
– Толғақ өзі табиғи жолмен келмеуі әйелдің ағзасына байланысты. Әр әйелдің ағзасы әр түрлі. Мысалы, кей әйелдерде етеккір 28 күн сайын қайталанады, олар көбіне уақытылы босанады. Ал, етеккір 30 күн және одан көп күнде қайталанатын болса, онда босану күні де ұзаққа созылуы мүмкін. Әрине, табиғи нәрсені жасанды заттардың араласуымен жасау зиян. Толғақты өздігінен шақыру үшін қаншама нәрселер тексеруден өту керек. Мысалы, бала салмағы үлкен емес па, анасының қан қысымы жоғарылап кету қаупі бар ма, баланың кіндігі мойнына оралмаған ба, толғақ шақыратын препараттарға аллергиясы жоқ па, егер де осы жағдайлар ескерілмей салынса, асқыну болуы мүмкін. Сонымен қатар, жасанды толғақ шақыруда әйелде жыртылу (разрыв) болу қаупі жоғары, бала туған соң сарғыштығы ұзақ кетпеуі, әйелде қан қысымының жоғарылауы сияқты т.б көптеген асқыну жағдайларына әкелуі мүмкін.
– Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді дейді, жүкті кезде шаш қиюға, киім тоқуға, түйе етін жеуге болмайды деген секілді және өзге де ырымдардың қайсысына сенуге болады? Қайсысы далбаса?
– Ырымдардың ешқайсын сенуге болмайды. Ол жай ырым, медицина бойынша ондай әрекеттер жүктілікке ешқандай кері әсерін тигізе алмайды.
– Инстаграмдағы оқырмандарыңыздан ең көп келетін үш сұраққа берер жауабыңызды бізбен де бөлісе кетсеңіз?
– Ең көп келетін сұрақтар:
• Жөтел жайлы... Көптеген жас ананың қателігі жөтел бастала салысымен балаға дәрі, сироп береді. Ол өкпеге шырыш, қақырық толтырып, жағдайды одан ары қиындатады. Алғашқы 5-7 күнде дәрісіз емдеуге болады. Таза жылы су, табиғи компот, қайнатылған сорпа түріндегі сұйықтықтарды көп берсе, ағза токсиндерден тазарады, жөтел тез қайтады. Ыстық батареяға сулы мата жайып қою, бөлмеге ыдыспен ыстық су әкеліп қою, т.б. тәсілдер арқылы ауаны ылғалдандыру қажет. Егер ондай мүмкіндік болмаса, ингаляция арқылы ылғал жіберуге болады. Түнде ұйықтар кезде баланың басына биіктеу жастық қойып жатқызса, түнде жөтелген кезінде жеңіл болады.
• Екпе жасату дұрыс па, бұрыс па дейді. Негізі осы сұрақ көп талқылануда. Қазір көбісі салдырғысы келмейді. Медицина бойынша оның пайдасы көп. Баланың ауруға қарсы тұратын иммунитетін арттырады. Ауырған жағдайда да, екпе салғызбаған балаларға қарағанда тез жазылады, ауру жеңіл өтеді. Бірақ адамдарды қинай алмаймыз. Қазір бәрінің таңдауы өзінде, өздері шешім қабылдау керек.
• Балаға қосымша тамақ беру жайлы. Ол жайлы да көп нәрсе айтуға болады. Қысқаша, балаға 6 айдан бастап қосымша тағам енгізу керек. Бірінші жеміс шырындарынан бастап, одан кейін жеміс және көкөніс езбелері, аздап сүт өнімдері мен сұйық тамақтар, солай жалғаса береді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
@. @assel_assanova