Көптеген қыз-келіншектерге күнделікті пайдаланып жүрген азық-түліктің, оның ішінде, сүт тағамдарының, жеміс-жидек, көкөністердің, сұйық майлардың косметикалық мақсатта қолдануға болатынын белгілі. Алайда олардың өзіне тән ерекшеліктері мен құрамын, оны қалай және қандай мөлшерде қолдану жолын білген абзал.
Жұмыртқа. Бет терісінің кеңіген саңылауларын тарылтып, нәрлендіріп, теріні жұмсартады. Шикі жұмыртқаны жарып, әбден езіп алыңыз. Кейін бет пен мойынға жағып, 20 минут демалып жата тұрыңыз. Уақыт өткен жылы сумен жуып тастаңыз. Сондай-ақ, жұмыртқаны осы әдіспен шаш күтіміне пайдалануға болады.
Шәй. Күнделікті жұмыс бабымен компьютерде көп отырып, көзіңіз, қабағыңыз ауырып, ісіп жүрсе, салқын шәйға малынған мақта түйінін көзіңіздің үстіне қойып, 10-15 минут демалыңыз. Пайдаланған шәй самасын төгуге асықпаңыз. Оны қайнап тұрған суға салып, бірнеше минут қайнатыңыз. Жуылған таза шашты осы сумен тағы бір шайып алсаңыз, шашыңыз жылтырап тұратын қасиетін қалпына келтіреді.
Тұз. Азғана тұз қосылған жылы сумен көзіңізді жусаңыз, қабақ пен көзіңіздің ісігі кетіп, жанары жалтырайды. Аяғыңыздағы сызаттардан тұзды ванна қабылдау арқылы арылуға болады. Сондай-ақ, тұзды ванна шаршағанда, әлсіз сезінгенде жақсы көмектеседі.
Бал. Бетке жаққанда тері жұмсарып, жібектей болады. Бал мен жұмыртқаны езіп, бет-мойыныңызға жақсаңыз, әжімнің ерте түсуінен, безеуден арыласыз. Күнде таңертең аш қарынға бір шәй қасық бал жесеңіз, бүйрек, бауыр, ас қорыту жүйесінің жұмысы жақсарады.
Қияр. Қияр тілімін не шырынын алып, бетіңізге жағыңыз. Теріңіз нәрленіп, тазарады. Әсіресе, қияр майлы бетке өте пайдалы. Үккіштен қиярды үгітіп алып, сүт қосып, маска жасауға болады.
Картоп тері кемшіліктерін жоюға көмектеседі. Түрлі тері ауруларымен күреседі. Картоп тілімдерін көзге басып, ісіктерді кетіруге болады. Үккішпен үгілген картопты қолға, бетке, мойынға жағып, теріні жұмсартуға болады.
Апельсин қабығын кептіріп, ұсақтап алыңыз. Кейін оны кез келген маска қосып, пайдаланыңыз.
Сәбіз құрғақ әрі сезімтал теріге жақсы әсер етеді. Сәбізді пісіріп, салқындаған соі, үккіштен өткізіп, бетке жағыңыз.
Айран теріні қалпында ұстауға қажетті түрлі ферменттерге бай. Теріні тазартып, нәрлендіреді. Әсіресе, майлы бет үшін өте пайдалы. Айранды бетке жағып, 15-20 минут жатып, демалыңыз. Кейін жылы сумен шайып тастаңыз. Сондай-ақ, айранды шашқа жағып, 1-2 сағат өткен соң, жуып тастаңыз. Шашыңыздың түбі қатайып, жалтырап шыға келеді.
Ескерту: егер де аталған азық-түліктердің кейбіреуіне аллергияңыз болса, оны косметикалық мақсатта пайдаланбас бұрын, дәрігеріңізге жолығып, ақыл-кеңес алыңыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: donbass.ua, kak-sdelat-samoj.ru