Дәрігер мамандар айтуы бойынша, күріш артық салмақпен күресуге көмектесетін тағам түрі. Жапон, кәріс, қытай халқы күнделікті өмірде бұл тағамды жиі жейтінін білесіздер. Сондықтан оларда толық адамдар көп кездеспейді. Күрішті олар диеталық тағамдардың қатарына жатқызады. Бүгін арықтауға арналған күріш түрін ұсынғымыз келеді.
Ол үшін:
- 1 стақан күріш;
- 0,5 стақан жүзім;
- 1 алма;
- 10 кептірілген өрік;
- 1 сәбіз;
- 2 ас қасық ерітілген сары май керек.
Дайындау жолы:
1. Кептірілген өрік, сәбіз және алманы ұсақтап тураңыз.
2. Майды кәстрөлде аздап қыздырып, үстіне сәбіз салып қуырыңыз. Содан соң алманы қосып, 2-3 минуттан кейін кептірілген жемістерді салыңыз. Барлығын қуыруға 5 минут жеткілікті.
3. Кәстрөлге күрішті салып, жақсылап араластырыңыз. Тұзын салуға ұмытып кетпеңіз.
4. Күріштің үстіне су құйыңыз (судың мөлшері күріштен сәл жоғары болу керек). Қақпағын жауып, баяу отқа пісіріңіз. Бұл жолы араластырудың қажеті жоқ.
Ескерте кететін жайт, егер суыңыз сарқылып қалып, ал күрішіңіз әлі піспеген болса, тағы да аздап су қосуға болады.
Күрішке қант қосудың керегі жоқ. Өйткені құрамындағы жеміс-жидектер тіл үйірерлік тәтті дәм және хош иіс береді. Бұл тағам түрін балаларға да, ересек адамдарға да жеуге болады.
Ас болсын!