Көпшілік адам төмен қысымға қарағанда жоғары артериялық қысымды уайымдайды. Алайда төмен қысым да қауіпті аурулардың белгісі бола алады. Ендеше, ол ағзадағы қандай проблемаларды көрсетуі мүмкін екенін қарастырайық.
Төмен қысымға қандай көрсеткіш жатады? 110\70 пен 130\85 аралығын қалыпты қысым деп санайды. Сәйкесінше, 110\70-тен төмен көрсеткіштер төмен қысым деп саналады. Алайда, егер хал-жағдайыңыз жақсы болса, уайымдаудың қажеті жоқ. Жиі патологиялық төмен қысыммен қатар жүретін белгілерге мән берген жөн: бас айналу, жүрек айну немесе құсу, сусыздану, қатты іш өту, қалшылдау, зейіннің төмендеуі, көздің бұлдырауы, терінің бозаруы, шаршаңқылық сезімі. Егер осы белгілердің екі-үшеуін болсын өзіңізден байқасаңыз, қысымыңызды өлшеп, дәрігерге көріну керек. Төмен қысым бірден бірнеше патологияның белгісі болуы мүмкін.
Жүрек проблемасы
Көрсеткішіне төмен қысым жататын жүрек ауруларының қатарына брадикардия, жүрек қақпақшалары проблемасы және жүрек жеткіліксіздігі кіреді.
Эндокринді проблемалар
Оған қалқанша без белсенділігінің жеткіліксіздігі (гипотиреоз), қалқанша жанындағы без ауруы, бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігі (Аддисон ауруы), қандағы қанттың төмен деңгейі және диабет жатады.
Жүйкелі-жанама гипотензия
Бұл ауруды рефлекстік талып қалу деп те атайды. Бұл артериялық қысымның күтпеген жерден, бірақ уақытша түсуі. Бұл патология жиі балаларда, жасөспірімдерде және жастарда пайда болады. Аурудың себебі толықтай зерттеліп анықталмаған, бірақ негізгілеріне күйзеліс, қатты қорқыныш және қоршаған орта температурасының бірден өзгеруін жатқызады. Бұл жағдайдың басты қаупі — күтпеген жерден естен танып қалу мүмкіндігі: кейде ол ауыр зақымға әкеледі.
Қоректік заттардың жетіспеуі
Созылмалы төмен қысымның себебіне ағзаға дәрумендердің жетіспеуі де жатады. Әсіресе, В12 дәрумені мен фолий қышқылы жетіспесе, қысым төмендейді. Ауыр жағдайда бұл заттардың жетіспеуі анемияға әкеледі.
Басқа себептер
Анафилаксиялық шок, жұқпалар, ұзақ төсек режимі, жүктілік, көп қан жоғалту кезінде және кей дәрілерді ішкеннен қысым түсіп кетеді.