Кейде сыптай түзу мінсіз сымбат тек бишілер мен спортшылардың маңдайына бұйырған бақ па деп қаламыз. Жұмыс үстелімізге отырғаннан компьютерге кіріп кете жаздап, бүкірейіп отыру арқылы өз сымбатымызды өзіміз құртып жатқанымызды байқамаймыз. Кейін мойным тартылды, арқам ауырды деп дәрігерге жүгіреміз. Бәрі өзіміздің еріншектігімізден екенін мойындайтын кез жетті.
♦ Дұрыс отырып үйреніңіз. Өзіңізді өзіңіз сырттай бақылап көріңізші. Бүкірейіп, басыңызды еңкейтіп отырсыз ба? Бұл отырыс сіздің мүсініңізді бұзып жатқаны анық. Сондықтан мына жаттығуды ерінбей жасағаныңыз жөн:
Иегіңізді көкірегіңізге иіп, жауырыныңызды алға, артқа қозғалтыңыз. Арқаңызды барынша түзу ұстап, қолыңызбен жүзіп бара жатқандай қимыл жасаңыз. Басты суреттегідей орныңыздан тұрып, беліңізді оң жаққа 5 рет, сол жаққа 5 рет қисайтыңыз. Жаттығу 5 рет қайталанады.♦ Бассейнге барыңыз. Судың астында денеңіз салмақсыз қалатындықтан, денені қадағалау өте оңай болады. Арқаңыз түзу болуы үшін арқамен жүзіп үйренгеніңіз дұрыс.
♦ Айна алдында жаттығыңыз. Айнаның алдына тұрып, бірнеше рет иіліп, қайта тұрыңыз. Тұрып, қайта отырыңыз.
♦ Бұдан басқа омыртқаға өте пайдалы мынадай қарапайым жаттығулар бар.
Мойын. Мектепте дене шынықтыру пәнінде істейтін қарапайым жаттығуды жұмыс күнінің соңында жұмыста отырып-ақ істеуге әбден болады. Мойынды еңкейтіп, шалқайтып, оңға, солға бұрыңыз. Жаттығуды 10 рет қайталаңыз. Жауырын. Жақын арада массажға бару жоспарыңызда жоқ болса, жауырыныңыз үшін мына қарапайым жаттығу көмекке келеді. Орныңызда отырып, терең демалыңыз. Демалып жатқан кезде екі иықты артқа қарай қатты тартыңыз. Демді шығарғанда барынша босаңсыңыз. 5-6 секундтан күніне 5 рет істеңіз.Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: redvelis.ru