Қазір өсімдіктер гүлдеп тұрған кез, сол себепті түрлі шыбын-шіркей мен жәндіктер көбейіп кетті. Жаздың тағы да бір жағымсыз жағы да осы. Мазаңды алатын жәндіктер былай қойып, шағып, зиян тигізе алатын араға тоқталайық. Сонымен, сізді ара шағып алды. Не істеу керек?
Көбіміз ара шағып алғанда дәрігердің көмегіне жүгінбей, ерекше дәрі қабылдамаймыз. Тіпті бетін суықпен баспай, еш шара қолданбайтындар да бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Шағылған жерге қарапайым күтім жараның тез сауығуына көмектесіп, жағымсыздық сезімінен сақтайды.
Сонымен, егер ара шағып алса сізге марганец ерітіндісі (марганцовка), мұз, түймедағы мен ақжелек (петрушка) қажет болады.
1-Қадам
Біріншіден, жараның ішінде қалған араның бізгегін шығару кере. Ол үшін сізге пинцет немесе ине қажет болады. Қол астында бұндай көмекші құралдар болмаған жағдайда бізгекті саусақтарыңызбен шығарып көріңіз, бірақ бізгекті одан әрі терең итеріп тастамаңыз. Әрине ара шағып алған жерді және пинцет, ине немесе саусақтарыңызды алдын ала сумен немесе сутек тотығымен тазалаңыз.
2-Қадам
Марганец ерітіндісін суға ерітіңіз. Жылы суға калий перманганатын (марганцовка) салыңыз, судың түсі қызыл-күлгін болуы керек. Ерітіндіні мұқият араластыру керек. Осы ерітіндіге мақтаны малып, шағылған жерді сүртіңіз. Марганцовканың орнына сутек тотығын немесе тұздалған су қолдануға болады. Қол астында бар заттарды қолданыңыз.
3-Қадам
Шағылған жерге мұз кесегін басыңыз. Ол жараның ісінуін кемітеді. Дәрі қобдишаңыздан белсендірілген көмір табылса, оның 3 дәрісін майдалап, 1 шай қасық су қосып, араластырып, жараның бетіне жағыңыз. Бетін дәкемен жабыңыз. Осылайша шағылған жердің уы тезірек кетіп, ісінбейді.
4-Қадам
Енді жараны іштей емдеу керек. 1 шай қасық кептірілген шайқурай (зверобой), қырмызы (календула), түймедағы не шалфей өсімдіктерін 1 стақан қайнаған сумен араластырып, 15-20 минутқа қойыңыз. Ерітіндіні сүзіп, жартысын бірден, екінші жартысын 1 сағаттан кейін ішіңіз.
5-Қадам
Кейбір жағдайда шағылған жер қызарып, қатты ісіп кетеді. Ісікті басу үшін, балғын ақжелек жапырақтарын майдалап, үстіне қайнаған су құйыңыз. Суыған кезде қайнатпаға таза мата не дәкені малып, жараның бетін басыңыз.
Ара шаққаннан кейін өзіңізді нашар сезініп, жүрегіңіз айнып, қызуыңыз көтеріліп, дем алумен қиындықтарыңыз болса, тезірек дәрігердің көмегіне жүгінгуіңіз керек. Бұл аллергияның белгілері болуы мүмкін.
Сондай-ақ, табиғат аясына демалысқа шыққанда түрлі әтірлер мен иісі өткір косметикалық заттар қолданбай, тым жарқын түстерге киінбеңіз, бұл аралардың көңілін қызықтыруы мүмкін.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: buzt.net