Angina pharyngis немесе ангина (жедел тонзиллит) жоғары тыныс алу жолдарының кең тараған ауруы. Бұл қабыну процесі бадамша безбен байланысты. Оны асқындырып алмас үшін әрбір адам ангинаны қала емдеу керегін білуі керек.
Ангина балаларда да, ересектерде де болады. Тамағыңыз қызарып тұрса және ол жұтынғанда ауырса, бұл сізде ангина деген сөз емес.
Ол жиі бас ауыруы, температураның көтерілуі, жалпы әлсіздік, тәбеттің болмауы және таңдай бездерінің қабынуымен бірге жүреді. Яғни, таңдай бездері ісіп кетеді, қызарады және оның беті ағарып тұрады. Десе де, өзіңізден бұл белгілерді байқасаңыз да, өздігінше диагноз қоюға болмайды. Себебі ангина белгілері дифтерия және басқа да қауіпті аурулардың белгілерімен ұқсайды. Ал олар әртүрлі жолмен емделеді. Сондықтан дәрігерге қаралып, нақты диагноз бен ем алу қажет.
Ангина кезіндегі инкубациялық кезең (аурудың жұққаннан алғашқы белгісін бергенге дейінгі кезең) 24 сағаттан 48 сағатқа дейінгі уақытты құрайды. Науқас қалтырауы, әлсізденуі, сүйектері сырқырап ауыруы және жұтынғанда тамағы ауыруы мүмкін. Көп жағдайда дене температурасы 38-39 градусқа дейін көтеріледі.
Бастапқыда тамағыңыз тек жұтынғанда ғана сәл ауырады. Бірақ бірнеше сағаттан соң тек жұтынған кезде емес, үздіксіз ауыратын болады. Ангина кезінде төменгі жақ лимфа түйіндері үлкейіп кетеді.
Ангинаны қалай емдейді?
Әдетте ангинаны антибиотиксіз емдеу қиын. Дәрігерге уақытында көрінбеу асқынуларға әкелуі мүмкін. Ангина түріне қарай дәрігер сәйкес келетін антибиотик жазып береді. Антибиотиктер ағзадағы пайдалы флораны жоятындықтан, онымен бірге флораны қалыпқа келтіретін препарат жазып береді.
Ангинаны емдеу кезінде 3-5 күн төсек режимін сақтау, көбірек су ішу және тамақты зақымдамайтын тағамдар жеу ұсынылады. Мысалы: пюре, ботқа, сорпа, жылы сүт.
Сұйықтық ағзаны токсиндерден жақсы тазартады, сондықтан ангина кезінде таңқурай, лимон, жалбыз қосылған шай, компот және басқа да құрамында газы жоқ жылы сусындар ішу керек.
Тек тамақты шаю арқылы ангинаны емдеу мүмкін емес. Бірақ тамақ шаю тамақ ауырғанын жеңілдетуге көмектеседі. Сондықтан тамақты түймедақ тұнбасымен, тұз және ас содасымен шаюға болады. Сондай-ақ дәріханаларда тамақтың ауырғанын басатын түрлі спрейлер сатылады.
Егер дене температурасы 38 градустан аспаса, оны түсірудің қажеті жоқ.
Ангинаны асқындырып алсаңыз, ол менингит, ағзаның улануы және сепсиске әкелуі мүмкін. Сондықтан да уақытында дәрігерге қаралу маңызды.
Ангина белгілері сізді жиі мазаламас үшін оны алдын алу жолдарын білген жөн. Олардың негізгілеріне тоқталайық:
- Гигиена сақтау. Жеке сүлгі және ыдыс-аяқ қолдануға тырысыңыз;
- Дұрыс тамақтану. Дәрумендерге толы өнімдер жеңіз. Қыс мезгілінде рационға міндетті түрде С дәруменіне бай тағамдарды қосыңыз;
- Гайморит, ринит, тісжегі секілді ауруларды уақытында емдеу.
- Ағзаны шынықтыру. Кішкентай кезден бастап шыныққан жақсы. Бірақ ол ешқашан кеш емес. Жүзуге барыңыз, қарама-қарсы душ қабылдаңыз және жазда жиі жалаң аяқ жүруге тырысыңыз;
- Иммунды жүйені қатайту. Спортпен айналысыңыз, таза ауада жиі жүріңіз.