Анар (гранат) - көпжылдық жеміс ағашы. Жерорта теңізі, Орталық Азия, Кавказ, Қырым аймақтарында өсетін ежелгі жеміс. Жеміс ағашының бойы 5-6 метрге дейін барады. 80 жылға дейін, кейде одан да көп өмір сүреді, 3-4 жастан кейін жеміс береді. Жемісін жерге түсірмей тұрып алады. Сəуір айында гүлдеп, күзде жемісін береді.
Анардың шырыны мен қабығын медицинада көптеген ауруға қарсы қолданады. Анар шырыны - қаназдылыққа қарсы жақсы ем. Оның құрамы қант, таниндерге, С дəруменіне бай. Анар шырынын күнде ішіп жүрсе, жүрек, қан тамырларының қызметі жақсарады. Сонымен қатар анар шырыны, әсіресе әншілер үшін өте пайдалы. Ол дауыстың таза, әрі әуенді шығуына көмектеседі. Сондай-ақ анар суы шөлді басып, дене қызуы мен артериялық қысымды түсіреді, тәбетті көтереді.
Анар қабығын кептіріп, ұнтақтап, іріңдеп кеткен жараға қарсы қолданса, тез жазылады. Және анардың бір ас қасық ұнтағына бір ас қасық бал қосып жазылмай жүрген жараға жағуға болады. Анардың гүлін жинап, кептіріп, ұнтақтап, бір шай қасықты алып, жарты литр суға салып, ауызды, тамақты шайып жүрсе, баспа ауруын кетіріп, тіс еттері жетіле түседі.
Сурет: planetaarmenia.ru, healthsnews.com, prostoest.ru