- Негізгі бет
- Денсаулық
- Аналық без кистасы...
Аналық без кистасы
Аналық без кистасы - (грек. «kystis» — қапшық, қап) – сұйықтыққа толы қапшық тәрізді түзілім. Жаңа өсінді аналық безде пісіп-жетілетін фолликулдан дамиды.
Ғалымдардың пікірінше, репродуктивті жастағы әрбір әйелді осы мәселе мазалауы мүмкін. Аналық без кистасы көбінесе 12-15 жастағы (55,8%) қыздарда кездеседі.
Кисталық түзілімдер этиологиясы, морфологиясы, аурудың клиникалық көрінісі, сондай-ақ емдеу тактикасы бойынша әртүрлі. Киста сол жақ аналық безде де, оң жақта да пайда болуы мүмкін. Дегенмен оның орналасуы аурудың ағымына әсер етпейді.
Бүгін осы сырқаттың даму факторлары, алғашқы белгілері, жүктілік кезіндегі емдеу тәсілі, алдын алу шаралары туралы сауалдарымызға А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының гинеколог дәрігері Тореева Шахсанем Муратбайқызы жауап береді.
Аналық без кистасының дамуына қандай факторлар әсер етеді?
Аналық без кистасының пайда болу факторлары ретінде тұқымқуалаушылық бейімділік, еңбек жағдайының ауыр әрі зиянды болуы, психоэмоцианалды күйзеліс және дұрыс тамақтанбау (монодиеталар) секілді себептер қарастырылады. Алайда көп жағдайда кисталардың даму факторлары белгісіз.
Алғашқы белгілері қандай?
Кейде науқастардың өздері симптоматиканың әлсіздігіне байланысты кистаның бар екенін де біле бермейді. Әйелдер бұл диагнозды жоспарлы профилактикалық қарап-тексеруде немесе басқа бір сырқатына байланысты тексерулерден өту кезінде біліп жатады. Дегенмен аналық без кистасының дамуынан белгі беретін бірнеше симптомдарды айтып өтуге болады:
- менструациялық циклдің бұзылуы;
- жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну сезімі;
- көңіл күйдің құбылмалылығы (етеккір келер алды кезең)
Жүрек айну, іштің ұлғаюы, ісінуі, сондай-ақ зәр шығару кезіндегі ауырсынулар кистаға тән белгілер емес.
Жүктілік кезінде аналық без кистасы болса не істеу керек?
Кейде жүктілік кезіндегі ультрадыбыстық скрининг барысында аналық без кистасы анықталып жатады. Мұндай жағдайда аналық без кистасы ешқандай ауырсыну сезімдерін туындатпаса, оны емдемейді. Алайда қатерлі ісікке күдік болса, жарылу немесе басқа да асқынулар байқалса, кистаның көлемі ұлғайса, хирургиялық ем тағайындалуы мүмкін.
Жүктілік кезінде аналық без кистасын алып тастауға бола ма?
Киста қарқынды түрде өссе, қатерлі процесс басталғанына күдік туындаса немесе ауырсыну сезімі басылмаса жүктілікті сақтай отырып, хирургиялық емдеу жүзеге асырылады. Жүктіліктің ерте кезеңінде лапароскопияны қолдану мүмкіндігі бар.
Аналық без кистасы кезінде бала көтеру мүмкін бе?
Функционалды киста жыныстық қарым-қатынасқа кедергі келтіруі мүмкін. Яғни кіші жамбас анатомиясының бұзылысы, аналық без тінінің механикалық қысылуы және ығысуы есебінен ұрықтануға қатысты қиындық туындайды.
Отадан кейінгі сауықтыру туралы айтсаңыз
Аналық без кистасын алып тастаған соң сауықтыру шаралары қажет емес. Лапароскопия кезінде науқасты отадан кейінгі келесі күні ауруханадан үйге шығарады.
Бұл сырқатты халық медицинасы арқылы емдеу мүмкін бе?
Иттікен тамыры, тасдәрі, алоэ шырыны және т.б. секілді халықтық емдеу құралдарының тиімділігі және қауіпсіздігі ғылыми дәлелденбеген.
Алдын алу шаралары бар ма?
Әрбір әйел жылына бір рет гинеколог дәрігердің профилактикалық қарап-тексеруінен өтуі керек. Өйткені көптеген аурулар әдетте симптомсыз немесе елеусіз клиникалық көріністер арқылы дамиды. Аналық без кистасы да осындай патологиялардың қатарына енеді.
Аурудың дер кезінде анықталуы, динамикалық бақылау және дұрыс таңдалған терапия – оң нәтижеге қол жеткізудің бірден бір жолы.
Н. Үсенова