Ана мен бала өлімінің қалай алдын алуға болады?

Адамның болашағы ұрпақ десек, бала мен ана өлімі келешегіміз үшін қатерлі болмақ. Сол себепті, дамушы мемлекеттен бастап дамыған мемлекетке дейін ана мен бала өлімінің алдын алуға тырысып бағады. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" бағдарламасы аясында ана мен бала өлім-жітімінің көрсеткішін азайту негізге алынады.

Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, ана өлім-жітімі санынан әлем елдері арасынан 42-орын алса, бала өлім-жітім көрсеткіші бойынша 79-орынға іліккен. Мұның бәрі – соңғы жылдары мемлекеттік ана мен бала өлімінің алдын алуға бағыттаған жұмыстарының нәтижесі. 

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының есебі бойынша жыл сайын босану не жүктілік кезінде 830-ға жуық әйел өлім құшады. Оның үстіне бұл жағдайлардың 99%-ы дамушы мемлекеттерде орын алады. Ана өлім-жітімінің жоғары көрсеткіші ауылдық мекендер мен кедей мемлекеттерде жоғары болған. Дегенмен, білікті маман мен уақытылы алдын алу шараларын жүзеге асыру әлемдік ана өлімі көрсеткішін 44%-ға дейін азайтқан.

Қазақстанда 2008 жылы бала өлімі көрсеткіші 14,57 коэффиценттен 20,76-ға дейін өседі деген болжам болған еді. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін 2009 жылы Республикалық штаб құрылған болатын (Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігің 2008 жылы 23  желтоқсанда қабылданған №667 бұйрығы). 

Бұл әдіс тиімді іске асты: 2010 жылы көрсеткіш 31,2-ден 22,7-ге дейін төмендеді. Ана өлімінің азаю құбылысы 2014 жылға дейін үздіксіз жалғасты: 22,70-тен 15,70-ке дейін азайды. Ал, бала өлімі 16,59-дан 9,83-ке дейін түсті.

Ал, келесі екі жылдықта азаю үрдісі баяулай бастады. 2014 пен 2016 жыл аралығында ана өлімі небәрі 0,1 коэффицентке азайса, бала өлімі 9,83-тен 8,59-ке дейін азайды. 

2017-2018 жылдар аралығында керісінше ана өлімі 12,5-тен 14,0-ге дейін артса, бала өлімі өзгеріссіз 7,9 деңгейінде қалды. 

Соңғы жылдардағы ана өлімі көрсеткішінің артуы мен бала өлімі көрсеткішінің өзгеріссіз қалу себебін қалай анықтауға болады деген сұрақтың жүгі ауыр.

Неге әйелдер жүктілік кезінде не босанғаннан соң өлім құшады?

Балымгүл Сақтапова
Атырау облысы, Махамбет аудандық "Отбасы денсаулығы орталығының" меңгерушісі: 
"Аудандық көрсеткіш бойынша ана өлімі өте сирек кездеседі. Осы уақытқа дейін үш жылда бір рет ана өлімі орын алды. Ана өлімінің көп жағдайда себебі жедел респираторлық инфекциялар (ОРЗ) — тыныс алу жолдарының ауруларының асқынуынан туындайды. Өлімге алып келетін тағы бір себеп – жатырдан қан кету, қан аздық кесірінен қанның ұйып қалуы. 


Босанған әйелдердің басым бөлігі өлім аузынан қалады. Ол бүйрек ауруларымен тығыз байланысты. Сонымен қатар, көптеген әйелдердің жүктілігі өте ауыр өтеді: ісіну, қан қысым, қаназдық, эклампсия жүкті әйелдер арасында жиі кездеседі”.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы көрсеткіші бойынша, жүктілік кезінде туындайтын кез келген қатердің алдын алуға болады. Одан бөлек, жүктілікке дейін де дәрігер бақылауында болған дерттер де болуы мүмкін. Ал, 75% жағдайда ана өліміна алып келетін негізгі себептер ретінде мыналарды көрсеткен:   
• Қанның тоқтамауы, қан кету (көбіне босанғаннан соң);
• Инфекциялар;
• Жүктілік кезіндегі жоғары қан қысым (предэклампсия мен эклампсия);
• Босанғаннан кейін туындайтын аурулар;
• Қауіпті аборт не түсік.

Бала өліміне не себеп?
Бес жасқа дейінгі балалар өлімі көп жағдайда уақытылы ем алмау не денсаулықты дұрыс қадағаламау себебінен туындайды. Өлімге себеп болған көптеген балалар дертінің (мысалы,қызылша) арнайы екпесі бар. Олар балалардың иммунитетінің ауруға төтеп беруі үшін қажет. Әлемде бала өліміне алып келетін басты себептер мынадай: 

Жедел респираторлық инфекциялар(ОРЗ)
Жедел респираторлық инфекциялар (өкіпенің қабынуы) секілді ауру түрлері бес жасқа дейін балалардың өліміне себеп болады. Бұл аурудың туындауына себеп суық тию, лас ауа мен инфекциялы ауа. Ал алдын алу үшін екпеден бөлек, дұрыс тамақтану ретін қалыптастыру керек. Мұндай аурумен аурухана жеткізілген балаға медициналық-санитарлық қызмет тиісті түрде көрсетілуі тиіс: медициналық жәрдем, антибиотиктер мен оттегінің тиісті түрде жетуі қадағаланады.

Диарея
Диареяны қажетті түрде тазалық пен санитарлық ережелерді ұстана отырып тек ана сүті арқылы емдеуге болады. Егер диареямен қоса дегидратация (дененің сусыздануы) өрбісе онда ОРС не мырыш көмегімен емделуі тиіс. Уақытында дәрігерге көрсетпеу, ауруды асқындырып алу аяғында өлімге себеп болады.  

Безгек (Малярия)
Безгек ауруы маса, шыбын шіркейлер арқылы тарайды. Онымен ересектердің күресуге шамасы жеткенімен, баланың иммундық жүйесінің әлі жете қоймайды. Сондықтан қалтырауы, есінен тануы жиі кездеседі. Олардан арнайы қорғаныш торларын қолдану арқылы масадан құтылуға болады. Маса шағып, безгектің балада белгілерін байқасаңыз, бірден медициналық көмекке жүгінген абзал. 

АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД)
Анадан балаға берілген инфекция кесірінен зардап шегетін балалар дерітінің алдын алуға болады. Ол үшін арнайы, антиретровирусты дәрі дәрмектер қолданып, босану мен баланы тамақтандырудың қауіпсіз жолдарын қарастыру шарт. Антиретровирусты терапия АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың қалыпты өмір сүруіне септігін тигізеді. Ал, уақытында ем алмаған балалар екі жылдан артық өмір сүрмейді. 

Тағам құнарлылығының төмен болуы

20 миллионға жуық бала тағамның жетіспеушілігінен зардап шегеді: бала аурушаң болса, кейбіреуі тіпті өліп кетеді. Баланы қамқорлығына алған адам немесе анасы тамақтанумен байланысты мәселелерді жан-жақты зерттеуі тиіс. Тағам құнарлылығы жетіспеушілігінен зардап шеккен баланы дәруменге бай, энергетикалық құнды қосымша тағамдармен тамақтандыру тиіс. Баланың тиісті мөлшерді тамақтанбауы ананың сүті тым сұйық болған жағдайда немесе ерте жастан ананың қарауынсыз қалған балаларда жиі кездеседі.

Маман пікірі: Көп жағдайда баланың өлімі іштен туа біткен ауру, инфекция есебінен болады. Оның бәрі ананың жағдайына байланысты. Жүктілік кезінде қан қысымы, қаназдық, бүйрек секілді аурулар баланың неврологиялық ауруларымен (ДЦП), тұншығуына әкеледі.

Бала өлімін азайтуда мерзімді екпе жұмыстарының рөлі қандай?

Балымгүл Сақтапова
Атырау облысы, Махамбет аудандық "Отбасы денсаулығы орталығының" меңгерушісі:
"Екпелер инфекциялардың тарамауын қадағалап әрі оларды жойып отырған. Ондай аурулардың қатарына не жатады? Қызылша, Қызамық, Гепатит А, В, көк жөтел секілді аурулардың алдын алу үшін екпе жүргізіледі.  Екпе алу арқылы бірнеше ондаған жыл бұрын өршіген Гепатит А, дифтерия, көк жөтел секілді аурулар сиреген. Қазір өте аз кездеседі, десек те жойылып кеткен жоқ.

Соңғы жылдары қызылша ауруы өршіп отыр. Өйткені, екпеден бас тартқандар саны артып келеді. Жаңа туған баланың өлімі болмаса, есейіп қалған балалардың қызылшадан өлуі, жүктіліктің ерте мерзімі кезінде ананың қызылшыны жұқтыруына байланысты түсік тастауы кездесті.

Әдетте міндетті екпені уақытылы алғандар аман-есен босанып жатады. Баланың иммунитеті бір жасқа дейін анасының денсаулығымен тікелей байланысты келеді. Қазір екпеден бас тарту үрдісі өршіп тұр. Болашақта олардың балалары анадан, әкеден керекті иммунитет алмағандықтан бір жасқа дейін түрлі аурудан зардап шегуі әбден мүмкін". 

Ана өлімінің қалай алдын алуға болады?
Жүктілік кезінде, босанғанға дейін және босанғаннан кейін дәрігер бақылауында болу, босану кезінде қажетті көмек алу, кейін бірнеше апта бойы дәрігер кеңесіне жүгіну керек. Ананың денсаулығы мен жаңа туған нәресте денсаулығы тығыз байланысты. 

Әсіресе, босандыруды білікті маман қолына алғаны дұрыс. Өйткені, уақытында көрсетілген көмек пен емдеу жұмысы ананың өмірі мен бала үшін маңызды болмақ. 

Ана өлімінің алдын алудың тағы бір жолы – ерте (тым жастай) жүктілік не тым кеш бала туудан қашу.  Жасөспірім қыздар мен барлық әйел баласы уақытылы емделуі тиіс. Жүктіліктен бұрын денсаулықтағы ақаулармен күресуі шарт. 

Аудандық емхананың мүмкіндігі жетіспеуден болатын өлімнің алдын алу үшін не істеу керек?

Балымгүл Сақтапова:
Атырау облысы, Махамбет аудандық "Отбасы денсаулығы орталығының" меңгерушісі:
"Емхана – алғашқы медициналық сараптамалық көмек көрсететін жер. Ауруханада мамандандырылған түрде тәулік бойы көмек көрсетеді. Емханада аурудың алдын алу шаралары іске асады. Мүмкіндік жетіспеушілігі маманның жетіспеуінен туындайды. Қарапайым мына ауданда 18 аймаққа (участок) 11 дәрігер жұмыс істейді. Оның 3-і декреттік демалыста. Олардың орнына фельдшер, орта буын қызметкері жүр. Демек, дәрігерсіз аймақтарда өз деңгейінде жұмыс жүрмей жатыр деген сөз". 

Ана мен бала өлімінің алдын алу шаралары:
Алдымен, емдеу профилактикалық шараларды іске асырушы мекемелерді үздік медициналық техникамен, дәрі дәрмекпен қамтамасыз ету. Одан бөлек, маманның клиникалық дағдыларын жетілдіру керек. 

Жылына орташа есеппен 395911 бала туылса, оларды 4155 акушер-гинеколог бақылауына алады. Яғни, 1 акушер-гинекологтың басына шаққанда 95,29 жүкті әйелден келеді. Сайып келгенде, маманның жетіспеушлігінен туындайтын қиындықтардың көп екенін назарға алу керек. 

Ана мен бала өлімінің алдын алуда дәрігерден бұрын, адамның өзіне деген жауапкершілігі үлкен рөл атқарады. Өйткені, жоғарыда аталған көп мәселені бәрі уақытылы емдеу шарасын қолға алған кезде еш қиындықсыз шешімін табады. Тек уақытты ойын көріп, жүріп алмаған дұрыс. Өз денсаулығыңызды күтіңіз.