А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-да «Донорлар күні» акциясы өтіп жатыр

Күн сайын мыңдаған адам донор қанына және қан компоненттеріне мұқтаж. Донорлар қаны түрлі қатерлі дерттерге шалдыққан науқастарға, автокөлік, зілзала, экологиялық апаттарға ұшыраған, жоспарлы және шұғыл хирургиялық көмек көрсетілетін тұлғаларға, сондай-ақ түрлі төтенше жағдайларда қажет.

Қауіпсіз қан және оның компоненттерін құю қызметтері – медициналық көмек және қоғамдық денсаулық сақтау саласының маңызды құрамдас бөлігі. Осы бір игі іс күніне мыңдаған адамдардың өмірін құтқарып, сонымен қатар көптеген науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгін А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында Республикалық қан орталығының ұйымдастыруымен «Донорлар күні» акциясы өткізіліп жатыр. Республикалық қан орталығының трансфузиолог дәрігері Кульсара Сейдахметовна Сарсембина аталмыш акцияға байланысты өз пікірін білдірді: «Бүгін РҚО ұжымы Сызғанов атындағы ҰҒХО-ға келіп, қан алып жатырмыз. Осы акция барысында алынған қан және оның компоненттері ақ қан (лейкемия) ауруына шалдыққан балаларға құйылатын болады.

Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына еліміздің түрлі өңірлерінен лейкемия диагнозы қойылған балалар келіп ем алады. Сол  кішкентай науқастарымыздың кейбіріне күніне 2 рет қан құйылады. Сондықтан донорлар қаны көп мөлшерде керек. Республикалық қан орталығы қаламыздағы көптеген ауруханаларды, медициналық орталықтарды қанмен қамтамасыз етеді.

 

Статистикаға жүгінсек, жер бетіндегі әрбір үшінші адам донор қанына мұқтаж. Бір донордан 450 мл қан алынады. Ол қан плазмасына және формалық элементтерге – эритроциттерге, лейкоциттерге және тромбоциттерге бөлінеді. Қан құю кезінде науқас осы қан компоненттерінің нақты қай түрін қажет етсе, сол компонент құйылады. Кейде бір донордан алынған қан 2-3 адамға шипа болады, кейде 1 науқастың өмірін сақтау үшін 2-3 донордың қаны керек. Бұл науқастың жай-күйінің күрделілігіне байланысты.

А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ға жылына жүйелі түрде 2-3 рет келіп тұрамыз. Орталық қызметкерлері белсенді атсалысып жатыр, дәлізде үлкен кезек. Осы орайда, Орталықтың басшыларына, акцияға қатысып жатқан дәрігерлерге, орта және кіші медициналық қызметкерлерге Республикалық қан орталығының және дерттеріне шипа тапқан науқастардың атынан алғыс айтамыз, - дейді донор болуға келген тұрғын.

Қан донорлығы – қан және қан компоненттерін қажет ететін науқастарға құю мақсатында ерікті түрде донорлардан қан алу процесі. Дені сау, жасы 18-ге толған, донорлыққа қарсы көрсетілімдері жоқ, салмағы 50-ден астам кез келген адам донор бола алады.