Статистиканың ашықтығы ел экономикасын, денсаулық сақтау, білім және өзге да салаларды дұрыс басқаруына кепілдік береді. Алайда біздің статистикадағы сандардың рас-өтірігін анықтау қиын. "Өтіріктің үш түрі бар: бұл – өтірік, арсыз өтірік және статистика" деген нақыл сөз бар.
Өкінішке қарай, жалған статистиканың кері әсерін өз басымыздан өткердік. Басқарудағы қателік, дәріханалардағы дәрі-дәрмектің болмауы, ал ауруханаларда науқас жататын орынның жетпеуі – мұның бәрі статистиканың ашық болмауынан. COVID-19 белгілері бар пневмонияға шалдыққан науқастарды тек тамыз айынан бастап статистикаға қоса бастады.
Күнде әр жерден арақашықтықты сақтау, маска тағу, адам көп жиналатын жерлерге бармау туралы ескертулерді көреміз. Бірақ ештеңеге қарамастан, қарапайым сақтық шараларын елемейтіндер бар. Олар "Адам өмірі – басты құндылық" екенін естен шығарған болуы керек.
Мен 40 жыл иммунологияны зерттеп, иммун тапшылығы вирусына қарсы (АИТВ) күресіп келемін. Ғалымдар ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) ауруының неден пайда болатынын анықтау үшін жылдар бойы тынбай еңбек етті. Ал оның генетикалық құрылымын түсінуге ондаған жыл кетті. Алайда қанша уақыт өтсе де ғалымдар АИТВ-ға қарсы вакцинаны ойлап табар емес.
Мұнымен салыстарғанда коронавирусқа қарсы күресте біраз ілгері кеткен шаруа баршылық. Бар болғаны бірнеше аптада коронавирусты анықтап, артынша оның генетикалық құрылымын түсіне алдық. Алғашқы вакциналар да қолданысқа енді. Ал ең жақсы әсер ететін вакцина жақын уақытта пайда болатынына сенімдімін. Бұдан бөлек коронавируспен күресетін дәрі-дәрмектер де жасалып жатыр.
Кез келген пандемия басталған сәтте қиындық болатыны анық. Өйткені ешбір адамда иммундық қорғаныс болмайды. Оған қоса вирус мутацияланып, дами түседі. Иммун жүйесі әлсіз егде жастағы кісілер мен созылмалы ауруы барларға бірінші кезекте қауіп төнеді.
Ғалымдар ұжымдық иммунитет пайда болу үшін адамдардың 40% коронавируспен ауырғаны жеткілікті болмақ. Ал қазіргі үрдіспен біз бұл межеге жетіп қалдық. Коронавируспен күресте жеңіске жетіп жатсақ та ешқашан осалдық көрсетпеуіміз қажет. Әрқашан сақ жүруге, кез келген жағдайда дайын болуға үйрену керек. Жақында испаниялық әріптесім Антонио Саррия-Сантамера қаланың қақ ортасына "Вирус әлі қасымызда" деген жазуы бар баннер ілгім келеді деп айтқан еді.
Сақтық шараларын ұмытпай, адам көп жиналатын орындарға барынша бармауға тырысып, вирустың әлі қауіпті екенін ескере жүріңіздер!
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры