- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алматылықтар ТМД-лық рекорд...
Алматылықтар ТМД-лық рекорд орнатты
Қант диабетімен күресті қолдау мақсатында ұйымдастырылған флешмоб ТМД елдерінің рекордтар кітабіна енді.
Диабетке қарсы флешмоб бүгін, яғни, 2012 жылдың 14 қарашасында Бүкіләлемдік диабетпен күресу күнінде Алматыдағы Республика сарайының алдында өтті. Шара ұйымдастырушылары қатысушыларға көк түсті шарлар таратып, жиылғандарды шеңбер құруға шақырды. Айта кетелік, көк түсті шеңбер диабетпен күресудің символы болып табылады. Флешмоб қатысушыларына сонымен қатар диабет туралы ақпарат жазылған брошюралар таратылды. Шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасын тапты.
Шеңбердің ұзындығы 88 метрді құрады. Ал оның қалыңдығы 8,5 метр болды. Флешмобқа ұзын саны 1120 адам қатысты. Бұл мәліметтерді арнайы өлшемдер жүргізу үшін әдейі келген Ресейдің рекордтар кітабының өкілдері айтты.
"Бұл диабетпен күресушілердің осы уақытқа дейін құрған ең үлкен шеңбері болып отыр. Сондықтан осы шара ТМД елдерінің рекордтар кітабына енетін болады. Мен сіздерді құттықтаймын", - деді Ресейден келген өкіл Алексей Свистунов.
Айта кетелік, қазіргі кезде диабетке шалдыққандардың саны әлемде жылдан жылға көбейіп, артуда. 2011 жылғы мәліметтер бойынша, соңғы 30 жылда диабетиктердің саны екі есе өсіп, 350 миллионға жеткен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 700 мың адам болып отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: tengrinews.kz