Алматыдағы Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, инфекционист дәрігер Тамара Ұтағанова омикронның басқа штамдардан айырмашылығы неде екенін айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Дәрігердің сөзінше, омикронның басқа штамдардан аурудың қарқыны мен басқаларға жұғу жағынан да айырмашылығы бар.
"Ауру салыстырмалы түрде жеңілірек өтеді. Көп жағдайда амбулаторлық деңгейде, яғни үй жағдайында емделуге болады. Гормондық терапияға әсер ететін препараттарды сирек қолданамыз. Ол хаттамада бар, оларды қодданамыз, бірақ сирек. Себебі сатурация жағынан зардап шегетін науқастар көп емес және басқа да препаратты жазуға себеп жоқ. Бірақ көбіне қабынуға қарсы терапия және суды жиі ішуді қадағалау терапиясы болады. Жалпы ауру расында жеңіл өтеді", - дейді маман ӨКҚ брифингінде.
Еске салайық, бүгінде Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұр. Пандемия басталғалы 220 917 адам коронавирус жұқтырса, оның 202 796-сы аурудан айыққан.