- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алматыда қайтыс болғандар...
Алматыда қайтыс болғандар менингококк инфекциясын қалай жұқтырған?
Алматыда қайтыс болған адамдардың барлығында менигококк жұқпасының А штамы анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі Алмагүл Дүйсенова осылай деді. Оның айтуынша, көпшілік менингококк жұқпасын менингитпен шатастырады.
«Менингит - аурудың синдромы. Ол іріңді немесе серозды болады. Сонымен қатар, вирустық, зеңді, бактериалды болады. Біз менингококк жұқпасы туралы айтып жатырмыз. Бұл жағдайда қайтыс болғандардың бәрінде бактериалды форма болған. Сонымен қатар, адамдар менингококк жұқпасының тасымалдаушысы болғанын біле бермейді. Олар ауырмауы да мүмкін. Бұл ең негізгі ауру жұқтыру көзі болып табылады. Оның айналасындағы адамдар ауыра қалған жағдайда, жаңағы адам байланыста болған адам ретінде тіркеледі. Сол кезде оның ауыз қуысынан жағынды алынып, жұқпа бары расталады», - деді ол. Мамандардың айтуынша, менингит ауруының жеңіл түрі назофарингит те жиі кездеседі. «Асқынған назофарингит ауруы жағдайында адамның қызуы көтеріледі. Тамағы ауырып, мұрны бітеледі. Бұл формадан адам өлмейді», - деді А. Дүйсенова.
Аурудың ең ауыр түрі менингококцемия тудыратын менигококк жұқпасынан басталады. «Бұл өте агрессивті форма. Инкубациялық кезең 2-10 күнге созылады. Қоздырғыш бірден қанға түседі. Соның кесірінен шұғыл түрде менингококк сепсисі пайда болады. Ағзаға көп көлемде эндотоксин жайылады. Тамырлар жансызданған соң адамның қан қысымы төмендеп кетеді. Ағзаға оттегі жетпеуінің кесірінен гипоксия жайылады. Барлық өмірлік маңызды органдар, ми зардап шеге бастайды. Қайтыс болған адамдардың бәрінде осындай жағдай болған», - деді маман. Оның айтуынша, менингококк жұқпасын адам бірнеше сағатта жұқтыруы мүмкін. «Ауруды үйде, казармада, жатақханаларда жұқтыру мүмкін. Мәселен, кинотеатрда жабық киносеанс жүрген кезде 3 сағаттан артық отырған жағдайда жұқпа адамға жұғуы мүмкін. Бұл кинозалдар желдетілмейді. Ал менингококк штаммы ултракүлгін сәулелерден, зарарсыздандыру сұйықтықтарынан өледі. Сондықтан, адамдар 3 сағаттан артық желдетілмейтін бөлмеде отырмауы керек», - деді Алмагүл Дүйсенова.
Эпидемиологтар қаза болған адамдардың барлығында менингококк жұқпасының А типі болғанын айтты. «А типі Африка халықтарына тән жұқпа, В типімен еуропалықтар көп ауырады. Бұл жұқпалардың барлығы қазір бізге келеді. Себебі, қазір көші-қон процесі өте жоғары», - деді мамандар. Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мәліметінше, бүгінде Алматыда 48 адам менингококк жұқпасына күдік туындаған соң дәрігерлерге жүгінген. Оның ішінде 32 адамда менингококк жұқпасы бар екені зертханалық түрде расталды. Ал, республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмған. Алматыда 5 адам көз жұмды. Олардың 2-еуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды. Сырқаттанғандардың бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, кенеттен көз жұмған.
@. @assel_assanova