- Негізгі бет
- Денсаулық
- Аллергия жайлы 3...
Аллергия жайлы 3 аңыз ақпар
Аллергия — кең тараған ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әр үшінші адам аллергиялық ринитпен, ал әр оныншы адам тыныс демікпесімен қиналады. Мұндай ауқымды статистика мен қажетті ақпараттың қолжетімділігіне қарамастан, аллергия тақырыбына қатысты аңыздар көп. Солардың ішіндегі ең жиі тараған 3 жалған ақпаратты ұсынамыз.
Аллергия — әлсіз иммунитеттің белгісі
Аллергияның әлсіз иммунитетке еш қатысы жоқ. Оны, керісінше, жақсы иммундық реакцияның белгісі деуге болады. Шын мәнінде, ол — иммунды жүйенің жаңылысуы, себебі иммунитет зиянсыз заттарды қауіпті ретінде бағалай бастайды. Оларға жануарлар жүні, гүлдер тозаңы, кей азық-түліктер және т.б жатады.
Ағзаның мұндай аллергендермен кездесуі қатты реакцияға ұласады, яғни бұл арқылы ол қауіп жайлы ескерту береді. Аллергияның қалай көрінуі аллергеннің ағзаға түсу әдісіне байланысты. Егер тері арқылы түссе, ісіну, бөртпе, қызару және қышу түрінде көрінеді. Ал егер тыныс алу органдары арқылы тап болса, тұмау немесе тұншығу, ал асқорыту жолы арқылы келсе, температра көтерілуі, жүрек айну, іш ауыруы немесе іш өтуі мүмкін.
Адам аллергик болып туылады
Шынымен де, ағзаның аллергиялық реакцияларға бейімділігін анықтайтын гендер жиынтығы бар. Әдетте, ата-ананың бірінде аллергия болса, балада да аллергия болу мүмкіндігі 30%-ға артады, ал егер әкесі де, анасы да аллергиямен қиналса, бұл көрсеткіш 80%-ға көтеріледі. 10% жағдайда бейімділік ұрпақ арқылы беріледі, мысалы, әжесінен немерісіне берілетін кездер болады.
Алайда аллергия есейген шақта да пайда болады. Мысалы, тағамдық аллергия белгілері көбіне ересек адамдарда бірінші рет білінеді. Ең қызығы, жылдар бойы жеген тамағыңызға да аллергия пайда болуы мүмкін. Аллергияның пайда болуы немесе болмауы ағза ерекшелігіне және қоршаған орта факторларына (экология, қатты күйзеліс, кей дәрілерді өте жиі ішу) байланысты.
Аллергия жұғады
Жоғарыда айтылғандай, кей жағдайда аллергия ұрпақ арқылы берілуі мүмкін, бірақ ол жұқпайды. Бұл пікір аллергияны басқа жұқпалы ауруларға ұқсату себебінен пайда болуы мүмкін. Мысалы, есекжемді жұқпалы тері зең ауруларымен (рубромикоз, кандидоз немесе трихофития) шатастырады. Сондай-ақ, аллергия кез келген жаста пайда бола беретіндіктен, кей адамдар оны жұқтырып алдым деп ойлайды.
Аллергиялық есекжем аллергенмен, мысалы, азық-түлікпен, тұрмыстық химиямен немесе дәрілік құралдармен жанасқанда пайда болады. Ал тері зең ауруларының пайда болуына микроскопиялық саңырауқұлақ-паразиттер ықпал етеді. Адамның немен ауыратынын тек дәрігер ғана дұрыс анықтап, ем жазып бере алады.
А. Жапатова