Аll Inclusive тамақтану жүйесінің зияны

Демалыстар кезеңі әлі де бітер емес. Сіз де "мақпал маусымды" таңдап, демалысыңызды тамыз-қыркүйек айларына жоспарласаңыз, шет елдердің көбісінде орын алған тамақтанудың "Аll Inclusive" жүйесінің денсаулыққа, келбетіңізге тигізер зардабын біліп жүргеніңіз абзал.

Бір қарағанда күн, жағажай, теңізде шомылу, қыдыру, би, теңіз тағамдары сіздің демалысыңызды ұмытылмастай қылып, салмаққа да қатерлі болмайтын сияқты. Демалысқа барамын деп сонша арықтағаннан кейін, теңізден салмақ қосып келу ұят болар. Сондықтан, Аll Inclusive жүйесімен тамақ ішкенде абай болып, таңдауды дұрыс жасау керек.

Аll Inclusive – демалыс кезінде тамақтану жайлы ойлаудан босататын жүйе. Сізге қонақ үйден шығып, ақша ауыстырып, мейрамхана іздеудің қажеті жоқ. Тек бөлмеңізден мейрамханаға түсіп, қалаған тағамды қалаған көлемде жей беруге болады. Бірақ мұндай ыңғайлылық салауатты өмір салтын бұзып, салмақ қосып берері анық.


"Швед үстелінен" зардап шекпеймін десеңіз, қарапайым ережелермен таныс болыңыздар.

1. Таңғы асқа картоп, макарон, тұзды балық, ақ нанды жемеген дұрыс. Оданша таңмен ботқалардың түр-түрін жеген абзал (бір үлесте 200 граммнан аспау керек). Қуырылған жұмыртқа, жемістер, кептірілген жемістер, балғын шырындар, шай, кофе таңдаңыз. Жақсылап тамақтанып алғаннан кейін, өзіңізбен бірге жағажайға майлы емес йогурт, бір-екі алма және ауыз суының бөтелкесін ала жүріңіз. Жағажайда қарныңыз аша қалғанда тіскебасарларыңызды жеп, су ішіп отырасыз.

2. Түскі асыңызда көкөністер, көк-шөп, балық не ет, майонезсіз салат және сорпаның бір түрі болсын. Қуырылған қытырлақ картоп, фастфуд пен нан өнімдерінен бас тартыңыз. Түскі астан кейін өзіңізбен бірге йогурт сынды қышқыл сүтті өнімін алып кетіңіз. Немесе түскі астан кейін 2 сағат өткен соң кішкентай табақ сорпа не салат жеңіз. Тәтті жегіңіз келіп тұрса, таңғы асқа көмірсуларды жеткілікті дәрежеде жеп үлгермегеніңіздің белгісі. Оны түскі астың гарнирімен алмастыруға болады. Піскен картоп, күріш не спагетти жеуге болады.

3. Кешкі ас кезіндегі басты ереже – кішкентай табақ. Тәрелкелердің ең кішкентайын алып, оған көкөністер, теңіз өнімдері мен еттен салыңыз. Егер үлеске тоймасаңыз, қосымша үлес алуға болады. Бірақ кешкі аста тәтті жайлы ұмытқан жөн, ұйқы алдында тәтті жеген артық салмақ қосары анық. 

4. Бұл ереже тәттіге құмар жандарға арналады. Егер сіз күніңізді тәттілерсіз елестете алмасаңыз, тәтті тағамдарды тек таңғы асқа алыңыз. Тәттіні ботқа, жеміс және йогурттардан кейін жеген дұрыс. 

5. Тамақты күніне бір-ақ рет, бірақ мол қылып жесем, салмақ азаяды деген ұстаным қате. Сіз кемірек тағам жеген сайын, зат алмасуыңыз баяулап, ағза майды қор қылып сақтай бастайды. Оданша жиірек бірақ кішкентай үлестермен тамақтаныңыз. Осылайша сіз асқазанды созбай, қорытылуды тездетесіз. Сол себепті швед үстелінен йогурт, жемістер сынды тіскебасарларды өзіңізбен бірге алып, кейін тамақтанып жүріңіз. Бұл бір отырғанда бәрін жеп тастаудан бірнеше есе пайдалы болмақ. 

Осылайша демалыста аш қалмай, денсаулығыңыз бен келбетіңізді сақтап қала аласыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: antalyacity.ru, yucatan-holidays.com